Петропавлда жаттығу кезінде жазатайым оқиға болып, жасөспірім қайтыс болған еді. Полиция жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 16 қазанда кешкі сағат 20:04 шамасында Петропавл полициясына медициналық мекеменің қабылдау бөлмесінде 18 жастағы қала тұрғыны қайтыс болғаны туралы хабарлама түскен.
"Жігітті Жамбыл-Чайковский көшелері қиылысында орналасқан футбол алаңынан дәрігерлер алып кеткені анықталды. Футбол ойнау кезінде қала тұрғыны өзін жайсыз сезініп, көгалға құлаған. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 001-бабы бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді", - делінген полиция хабарламасында.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Істің мән-жайын зерттеуге бағытталған соталды тергеу жүріп жатыр, нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда жаттығу кезінде ішіне доп тиген жасөспірім қайтыс болғаны хабарланған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!