Петропавлда интернет желісін жүргізуге келген екі жұмысшы жеті метр биіктен құлап, біреуі оқиға орнында көз жұмды. Ал екіншісі жеңіл жарақат алған. Қайғылы жағдай бүгін күндіз сағат он жарымда, қаланың шетінде болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Монтаждаған кезде екі жұмысшы көтергіш платформадан құлады. Полиция еңбекті қорғау ережелерін бұзу белгілері бойынша соталды тергеуді бастады. Істің барлық мән-жайын зерттеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Петропавл ПБ бастығы Марат Жұмалиев.
"Қазақтелеком" мекемесінің қос жұмысшысы ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын сатумен айналысатын жеке компания аумағындағы екі қабатты ғимаратқа интернет тартуға келген. Екінші қабатқа көтерілген кезде автокрандағы монтаж платформасы үзіліп, екеуі де жерге құлапты. 35 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмса, екінші жұмысшы жеңіл жарақат алды. Ол дәрігерлердің көмегінен кейін үйіне жіберілді. Оқыс жағдай болған кәсіпорын басшылары сұхбат беруден бас тартты.
"Жедел жәрдем келгенге дейін біреуі көз жұмды. Екінші, отыз бір жастағы ер адам жарақат алған, бірақ жағдайы тым ауыр емес. Жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кеуде тұсынан соққы алған. Қолы, шынтағы сызылып кеткен, оған үйінде, мекенжайы бойынша емханада емдеу алуға негіздеме берілді", - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz