Петропавлда 34 жастағы ер адам аула сыпырушыны аяусыз ұрып тастаған. Жәбірленуші екінші топтағы мүгедек болып шықты. Қазір ол түрлі жарақатпен ауруханада жатыр. Ал мұндай жағдай болған ауланың тұрғындары енді өздерінің өмірі үшін қорқады. Өйткені күдікті ұсталған жоқ. Ол көршілер арасында атышулы, оның үстіне тұрғындар бірнеше рет полицияға арыз жазыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Бейнебақылау камераларына түсірілген кадрларда аула тазалаушы аумақты тазалап жатқаны көрінеді. Кенет оған ер адам жақындап келіп, басын аяусыз ұра бастайды.
Жәбірленуші - 45 жастағы Григорий Подсадний. Ол кейінгі уақытта аула сыпырушы болып жұмысқа тұрған.
Тұрғындардың сөзінше, күдікті саналатын 34 жастағы ер адам осы үйде анасымен бірге тұрған. Содан кейін үй сатылған, бірақ ол мұнда келіп, үнемі айғай-шу шығарады екен. Адамдар оның үстінен бірнеше рет полицияға арыз жазған.
Зардап шеккен аула сыпырушы қазір ауруханада. Оның миы шайқалған, мұрны сынған, басы мен бетінде жарақаттары бар.
Полицияда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
"Жанжал нәтижесінде 34 жастағы Петропавл тұрғыны қала тұрғынына дене жарақатын салғаны анықталды. Зардап шеккен 45 жастағы ер адам әртүрлі жарақатпен медициналық мекемелердің біріне жеткізілді. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 5-тармағының 2-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды", - дейді СҚО Полиция департаменті өкілі Нұрбек Баекин.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!