Петропавлда былтыр 100 миллион теңгеге жөнделген құбырлар жарылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ақау жаңа орнатылған су құбырынан шыққан. Ондағы жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген.
Тұрғын Александр Мищенконың үйін су басып, пәтеріндегі жиһаздары бүлінген. Ылғал басқан үйде түнеу мүмкін емес. Қала тұрғыны аязды күні болған апат салдарын қалай қалыпқа келтірерін білмей дал.
"Мен бүгін үйде қона алмаймын. Қайда барамын? Кім мені баспанамен қамтамасыз етеді? Мына жерді қалыпқа келтіру үшін шығынды кім өтейді", - деді қала тұрғыны Александр Мищенко.
Апат салдарынан көпқабатты тұрғын үйлерден бөлек, бейімделу орталығы, аурухана, кеңселер мен Петропавл "Нан-тоқаш комбинаты" сусыз қалған. Бүкіл Солтүстік Қазақстан облысын нанмен қамтамасыз етіп отырған мекеме директорының айтуынша, құбырдың жарылуынан жұмыс процесі тоқтап тұр.
"Кешегі апаттан кейін су беру тоқтатылды. Дереу "Қызылжар-Суға" телефон соғып, көлігімізді жібердік. Ол түнімен су тасыды. Әзірге жұмыс жүріп жатыр. Бірақ үлгере алмай жатырмыз", - деді Нан-тоқаш комбинатының директоры Ерлан Қайшыбеков.
Ал "Қызылжар-Су" қалыпқа келтіру жұмыстарының ауа райына байланысты қиындап кеткенін айтады. Бірақ бір тәулік ішінде олқылықты жойып, суды қайта қосамыз деп сендірді. Құбырдың жарылған жерін қалпына келтіру үшін 20-ға жуық жұмысшы мен 10 бірлік техника жұмылдырылыпты.
"Бастапқы кезде 15-ке тарта үй судан ажыратылды. Қазір олардың алтауына су берілді. 9 көпқабатты тұрғын үй мен "Нан-тоқаш" комбинаты, "СЕВКАЗЭНЕРГО", "Радуга" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кеңсесінде су жоқ", - деді "Қызылжар-Су" ЖШС бас инженерінің орынбасары Ербол Нәбиев.
Апат болған жерде құбыр былтыр ғана орнатылғаны анықталды. Оған 100 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. "Қызылжар-Су" компаниясының өкілдері ондағы жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін айтады. Айта кетейік, осындай апат Петропавлда өткен айда да болған. Жалпы, облыс орталығындағы су құбырларының 57 пайызының тозығы жеткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!