Петропавлда бес ай бойы жөнделіп жатқан орталық кәріз құбыры жарылды. Лас су тұрғын үйлердің жертөлесін басып, көшеге жайылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Бір айдың ішінде осымен екінші рет болып тұр. Ешкім елең қылмайды. Келіп, сорғызу керек еді. Ешкім жоқ. Су 85 сантиметрге дейін көтерілді. Өткен жолы бір жарым метрге дейін жеткен", - дейді Валентина Мельникова.
Кәріз құбыры түн ортасында жарылған. Атылған лас судың қарқынды болғаны соншалық, бірнеше орталық көшені лезде басып қалған. Таңға дейін жарылған құбыр жамалды, бірақ сасық су көпқабатты үйлердің жертөлесіне толып қалған.
Тұрғындарға негізгі коллектордағы апат үйреншікті жайтқа айналған. Жарты ғасырдан бері қолданыстағы құбыр әбден тозған. Оны толық ауыстыру үшін қалада жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялауға тура келді. Шенеуніктер жөндеудің қашан аяқталатынын айта алмай отыр. Жаңа құбырларды орталық көшелердің үстінен тартып жатыр. Ал ескі коллектор бұрынғыша әлі жұмыс істеп тұр. Мамандар оның жиі істен шығуына "тұрғындардың салғырттығы себеп", - дейді.
"Коллектор шүберек пен қоқысқа бітеліп қалған. Кептеліп қалған. Сондықтан компания тұғындардан коллекторды жөндеу кезінде немесе басқа да уақытта кәріз жүйесіне қоқыс тастамауын өтініп сұрайды. Өздігінен шіріп кете қоймайтын заттар түскен соң бұл проблема қайталана береді", - дейді "Қызылжар су" ЖШС бас инженері Андрей Фомиченко.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!