Петропавлда ауруханаға шыққан зейнеткер аязда үсіп көз жұмды

Петропавлда ауруханаға шыққан зейнеткер аязда үсіп көз жұмды
Фото: depositphotos.com

Петропавлда 75 жастағы зейнеткер үйінің маңындағы емханаға бара жатқан жолда адасып кетіп, суықта үсіп ажал құшты. Ұмытшақтық дертіне шалдыққан әйел адам сәрсенбіде үйінен жалғыз шығып, қайтып оралмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Дәрігердің қабылдауына бармақ болған кейуана үйге оралмаған соң, туыстары дереу іздеуге кіріскен. Алайда зейнеткердің телефоны сөндірулі болыпты. Іздеу жұмысына полиция қызметкерлері, жедел қимылдайтын арнайы жасақ, Ұлттық ұлан әскерилері мен еріктілер жұмылдырылды. 30 градус аязда алпыс шақты адам түнімен іздеп, зейнеткерді таба алмаған. Тек кеше таңертең ғана учаскелік полиция қария бармақ болған емхана маңынан тауып алды. 

"Қардың қалың түсуіне байланысты гараж маңындағы аумақ жабылып қалған, соның салдарынан әйел адасып, шығар жолды таба алмай, сол жерде қалып қойған.  Біз оны тауып алғанда, аязда үсіп қалған, сөйлей алмады. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Алайда қайтыс болды. Қазір қылмыстық іс қозғалды", - деді Петропавл  қаласы, №2 полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Елеусізов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget