Петропавлда аула сыпырушы көпқабатты үйдің алдын адам танымастай абаттандырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Бақытжан Әділов ескі ойыншықтар мен тұрмыстық заттардан неше түрлі мүсіндер жасаған. Қазір олар балалардың кәдесіне жарап тұр. Бұл үйдің алдынан өткен адам қайда бара жатқанын ұмытып қалады. Бір қарағанда қарапайым ғана аула жақындасаң жайнап сала береді. Мүсіндердің бәрін Бақытжан Әділов істеген.
Бақытжан Әділов аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Ол түкке жарамай қалған ескі заттарға екінші өмір сыйлайды. Бәрін сырлап күтіп ұстайтын да өзі.
"Темір-терсектерді лақтырып жібереді ғой, сонда балондарды тастайды, сонымен жинап-жинап, құрастырамын, қызық болады ғой, балаларға қызық қой", - дейді Бақытжан Әділов.
Бұл ауланың керемет кейіпке енуіне тұрғындар да үлес қосты. Солардың бірі - Афанасий Дроздецкий. Ол талай жыл пәтер иелері кооперативін басқарған. Қазір 95-те.
"Бұл жерде түк болмады. Бірте-бірте көлік тұрағы, содан кейін үйдің алды асфальтталды. Біздің аула ең әдемі, ең таза", - дейді қала тұрғыны Афанасий Дроздецкий.
Аула сыпырушы үй алдына гүл егіп, көлік тұрағын да белгілеп қойған. Ол бұның бәрін тұрғындардың "рақмет" деген бірауыз сөзі үшін жасайды. Бақытжан Әділов ауланы абаттандырып қана қоймай, жасыл желекке бөледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!