Петропавлда синтетикалық есірткі сатуды кәсіп еткен астаналық әйелден жарты келіден астам есірткі тәркіленді - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі таратуға қатысы бар күдікті әйелді ұстады. Тәртіп сақшылары Набережная көшесінде кетіп бара жатқан "Hyundai Elantra" автокөлігін тоқтатқан. Көлік салонында Астана қаласының ешқайда жұмыс істемейтін 43 жастағы тұрғыны болған. Ол Петропавл қаласында уақытша тұрып келген. Әйелден 80 түйіншек тәркіленді.
Сараптама нәтижесіне сәйкес, бұл зат "мефедрон" синтетикалық есірткісі болып шықты. Оның тұрғылықты мекенжайынан да есірткі мен буып-түю құралдары табылды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 0,5 кг асты. Оның 247,8 грамы – мефедрон, 322,36 грамы α-PvP есірткісі.
"Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел уәкілдердің ақпараты бойынша, интернет-дүкендегі кураторлары күдіктіні "буып-түюші" ретінде Петропавлға жіберген. Әйел 2 ай жұмыс істеп үлгерген. Бұл - облыста тәркіленген ең ірі синтетикалық есірткі партияларының бірі", - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!