Петропавлда 12 жастағы қызды көлік қағып кетті

Петропавлда қайғылы жол апаты болды. Қайын атасының көлігін мініп көруге алған 24 жастағы ер адам оқушы қызды қағып өлтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Оқиға көлік қозғалысы өте қарқынды жол учаскесінде болған. Мәліметтерге сүйенсек, қыз бала жолды рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өтпек болған. Сол сәтте 24 жастағы жүргізуші оны қағып кеткен. Оқушы оқиға орнында көз жұмды.

Жүргізуші бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицияның мәліметінше, апат кезінде ол мас болмаған. Ал көлікті қайын атасынан уақытша алған.

Жергілікті тұрғындар бұл учаскеде мұндай жағдай алғаш рет болып отырмағанын айтады. Олардың сөзінше, жол бойында жаяу жүргіншілер өткелі мен ескерту белгілері жетіспейді. Желтоқсанда дәл осы маңда зейнеткер ауыр жарақат алған.

"Мұнда белгі немесе жаяу жүргіншілер өткелін қойса екен. Адамдар өзін қауіпсіз сезінуі керек қой. Дүкенге өту үшін де осы жолдан өтуге тура келеді", – дейді қала тұрғыны Роман Пономарёв.

Магистраль жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақ арқылы өтеді. Ал ең жақын бағдаршамға дейін жаяу жүргіншілер 300 метрден аса жол жүруі керек.

Полиция өкілдері қайғылы оқиғаға дейін бұл жерде шектеу шараларын енгізу жоспарланғанын, алайда үлгермегенін мәлімдеді. Енді қауіпті учаскеге жол белгілері қойылып, тұтас жолақ таңбасы ұзартылады. Сонымен қатар жылдамдықты тіркейтін аппараттық кешен орнату қарастырылып жатыр.

"Жақын күндері бұл жерге жол белгілерін қоямыз, тұтас жолақ таңбасын ұзартамыз. Бұған қоса жылдамдықты тіркейтін аппараттық кешен орнатылады. Қазір бұл жерде жылдамдық шектеуі сағатына 60 шақырым. Сондай-ақ аялдама маңында жаяу жүргіншілер өткелін орнату мәселесін қараймыз", – деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!