Наила Брюхова үй жануарларын даладан тауып алған. Арасында ауру-сырқауы, тіпті адам қолынан қорлық көргендері бар. Биыл ол иесіз қалған ит-мысықтарға қамқорлық көрсететін қоғамдық ұйым құруды көздеп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Наила Брюхованың пәтерінен ит–мысықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ол бәрін бірдей "баласындай" жақсы көреді. Қала тұрғыны көшеде қаңғырып жүргендерін көрсе, жанынан өтіп кете алмайды.
"Мына мысықтың аты – "Космос". Оны біреулер төртінші қабаттан лақтырып жіберген. Осылай деп куәгерлер хабарласқанда көп ойланбастан алып кеттім. Омыртқасы сынған. Артқы екі аяғы жансыз. Қазір оңалтудан өткізіп жатырмын", - деді қала тұрғыны Наила Брюхова.
Үй жануарларының жанашыры әр ит–мысыққа ат қойып, вакцина жасатады. Үш бөлмелі пәтерде әрқайысының өз орны бар. Сыймағандарын жертөледе ұстайды. Енді жер алып, бөлек шығаруды жоспарлап отыр.
"Ит-мысықтарға пана салу үшін 25 соттық жер сатып алдым. Қазір қоршап, қараусыз қалған үй жануарларға 800-ге жуық орын дайындаймын. Оған қомақты қаражат керек. Олардың тамағына ғана айына бір млн теңге кетеді", - деді қала тұрғыны Наила Брюхова.
Наила Брюхова биыл қоғамдық ұйым құрып, иесіз қалған ит-мысықтарға қамқорлық көрсетпек. Бұл ісіне өзі сияқты үй жануарларына бейжай қарай алмайтын адамдар қол ұшын созады деген үмітте.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек