Петропавл тұрғыны такси жүргізушісі дөрекі болғанын айтқан: ол елден шығарылды

Петропавл тұрғыны такси жүргізушісі дөрекі болғанын айтқан: ол елден шығарылды
Фото: ІІМ

Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз такси болған шетелдік азамат елден шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жолаушыға дөрекілік көрсеткен

Петропавл тұрғыны такси жүргізушісінің дөрекілігіне шағымданған. Өтінішті тексеру барысында полицейлер жүргізуші, яғни 42 жастағы шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзғанын анықтаған.

Ол жолаушылар тасымалымен айналысқан. Алайда Қазақстанға кірген кезде келу мақсаты ретінде жұмысты немесе кәсіпкерлік қызметті көрсетпеген. Бұған қоса, бұған дейін де дәл осы себеппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тәртіп сақшылары бір жыл ішінде қайталап жасалған құқықбұзушылық бойынша материал жинап, оны әкімшілік сотқа жолдаған.

Сот шешімі

Сот шешімімен ер адамға бір тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, кейін Қазақстаннан бес жыл мерзімге шығару туралы шара қолданылды.

Қанша адам елден шығарылды?

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 679 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 633-і көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылған. 45 шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget