Болат Жұмабеков Петропавл қаласының әкімі қызметінен кетті. Экс-әкім отставкаға кететіні туралы Facebook-парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бүгін мен отставкаға кету туралы шешім қабылдадым. Үш жыл ішінде біз бірлесіп көптеген сынақтан өттік: карантин, қаланың жабылуы, қаңтардағы оқиға, ТКШ және құрылыс бойынша көптеген мәселе. Осы кезеңде қалалық әкімдіктің барлық командасы өздерін кәсіби жағынан көрсетті", - деп жазды Болат Жұмабеков.
Болат Жұмабеков Петропавл қаласының әкімі болып 2019 жылғы 12 сәуірде тағайындалған болатын. Ол еңбек демалысынан кейін отставкаға кетті.
Шенеунік еңбек жолын 1997 жылы Тимирязев ауданы әкiмi аппаратының маманы болып бастаған. 1998 жылдан бастап 2005 жылға дейін жер қатынасы мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдарда iстеген. Солтүстiк Қазақстан облысының жер ресурстары басқармасы бойынша Тимирязев аудандық комитетiнiң төрағасы болған. 2005 жылғы ақпанда Тимирязев ауданы ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы болып тағайындалған. 2007 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта Тимирязев ауданының әкiмi болып жұмыс iстеген. 2009 жылдан 2011 жылға дейін Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi аппаратының басшысы болған, ал 2011 жылғы қыркүйекте облыс әкiмiнiң өнеркәсiп, кәсiпкерлiк және ТКШ мәселелерi бойынша орынбасары болып тағайындалған.
2012 жылғы ақпаннан 2013 жылғы сәуiрге дейін Петропавл қаласының әкiмi, 2014 жылғы ақпаннан 2014 жылғы тамызға дейін JELS-ASTANA ЖШС коммерциялық директоры, ал 2014 жылдан 2018 жылға дейін Солтүстiк Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкiмi болып жұмыс істеген
2018-2019 жылдары Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның әкiмi болған.