- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Перзентханаға сөмке жинағанда...
Перзентханаға сөмке жинағанда нені ескеру керек? Доуладан кеңес
Айы-күні жақындап отырған жүкті әйел үшін перзентхана сөмкесін дайындаудың маңызы ерекше. Себебі енді ғана ана атанғалы отырған жас келіншектер осыған қатысты кейбір нәрселерді білмеуі мүмкін. Перзентханаға сөмке жинаған кезде нені ескеру керек, заттарды қайдан алған жөн? Massaget.kz тілшісі доула Данагүл Бейбітқызымен осы тақырыпта сұхбаттасты.
Ана мен балаға қандай заттар қажет болады?
Маманның айтуынша, жүкті әйел алыс-жақын елдімекендерге айы-күні жақындағанда жолға шықса, алмасу картасын алып жүруі маңызды.
"Перзентханаға жеке басты куәландыратын құжат пен жүкті әйелдің алмасу картасын ала бару керек. Ақылы перзентханада босануды жоспарлаған болса, алдын ала жасалған келісімшартты бірге алып жүру маңызды. Жүкті әйелдің алмасу картасынсыз перзентхана кей жағдайда қабылдамауы да мүмкін. Айы-күні жақындаған жүкті әйел алыс-жақын елдімекендерге, қалаларға сапарлап шықса да, құжаттарды өзімен алып жүргені дұрыс. Өзге қалада толғатып қалса, осы картамен сол қаланың перзентханасында босана алады", - деді ол.
Одан бөлек ана мен балаға қажет заттарды атап өтті.
"Алдымен анаға ең қажет заттарды айтып өтейік. Олар: халат, жеңіл көйлек, жуылатын үй аяқ киімі, іш киімдер, шұлық, ересектерге арналған жөргек, ересектерге арналған жаялық (пеленка) 3-4 дана, гигиеналық төсемелер (барынша көп мөлшерде), омырауға жағатын жақпа май, орама қағаз сүлгі, омырауға арналған төсеме (вкладыши), гигиеналық заттар (сабын, тіс пастасы, щетка, дәретхана қағазы, тарақ, резинка т.б), ауыз су және құрғақ тіскебасар. Бұдан өзге кейбір анаға омыраудан сүт тартқыш құрылғы қажет болуы мүмкін.
Ал балаға жаялықтар 4 дана (2 жұқа + 2 флонелді), жаңа туған нәрестеге арналған үлкен түкті орамал (плед), жейдеше– 1 дана жылы, ползунки мақта-мата – 1 дана, басқа киетін телпек мақта-мата – 2 дана (жылы және жұқа, шаңғы телпегі), нәски – 2 жұп, ылғалды майлықтар– 1 бума, памперстер №1 (жаңа туған нәрестелерге арналған) – 2 дана, электрондық градусник және тетрациклин жақпамайы", - деді ол.
Зат алу кезінде нені ескеру керек?
Оның айтуынша, керек заттарды таңдағанда нақты қажет бола ма, жоқ па деп есепке алу керек.
"Мәселен кейбір жас аналар блогерлердің алған қажетті-қажетсіз затына қарап, бәрі керек деп ойлауы мүмкін. Мұның арты артық шығынға алып келеді. Таңдау барысында не нәрсеге аса мән беру керек дейтін болсақ, әрине сапасына және ыңғайлылығына маңыз берген дұрыс. Босанған әйел тершең болатындықтан, жиі ауыстыратын халат немесе пижама, ішкөйлектің матасы жайлы болғаны дұрыс. Ылғал сіңіргіш, мақта өнімдері жақсы. Бала емізуге қолайлы түймесі немесе замок болуын қадағалаңыз. Іш киімнің, атап айтсақ төс тартқыштың денені қыспайтын, батпайтын өте жайлы болуы маңызды. Сүт толы омырау барынша бос болғаны жөн", - деді ол.
Жаңа туған сәбиге көп киім алудың қажеті жоқ.
"Жаңа туған сәбиге арналған киімдердің өлшемі шамамен 50-80 см аралығында алуға болады. Өте көп киім қажет емес. Себебі, бала қырқынан шыққанда бұл киімдер сыймай қалады. Матасы жазғы уақытта муслин, мақта болғаны дұрыс. Ал қыс мезгіліне матасы сәл қалың, жылы киімдер аламыз", - деді доула.
Сөмкені қай уақытта жинау керек?
Маман сөмкені 30 аптадан бастап жинақтап қойған дұрыс екенін атап өтті.
"Әсіресе, егіздер мен үшем, төртем күтіп жүрген аналар ертерек қамдануы керек. Себебі көп жағдайда ерте босану қаупі болады. Бірде қабылдауымен келген жүкті келіншекті бірден босану залына жібердік. Келіншекті алып келген туысы мен күйеуі тіпті абдырап қалды. Себебі, әйелдің сөмкесі дайын емес екен. "Неге ертерек дайындап қоймаған" деп медбикелер сұрағанда, туысы "босануына әлі 2 ай бар еді ғой" деп жауап берді. Жоғарыда айтқанымдай, көпұрықты жүктілік болып шықты. Олар түн ішінде әйелге, балаға қажет зат іздеуге шығып кетті. Сондай қолайсыздықтарға тап болмас үшін, алдын ала ойластырып қою керек", - деді ол.
Ал еш патологиясыз, қалыпты дамып жатқан жүктілік барысында 35 аптадан бастап сөмке дайын тұрғаны жөн.
"Себебі, 36 аптадан бастап бала жетілген болып саналады. Яғни, кез келген уақытта толғатып қалуы мүмкін. Ана мен балаға қажетті заттардың бағасы әр қалада әртүрлі шығуы мүмкін. Базалық заттар шығыны шамамен 50-60 мыңды құрайды. Жалпы кез келген жүкті аналарға арналған дүкеннен сапалысын іздеп, таңдап алған жөн. Көңіліңіз де жайлы болады. Егер жиынтық түрін алам десеңіз, арзанына ұрынбаған дұрыс", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы