23 жастағы тараздық Сардарды америкалық әулет бір жасқа толмай асырап алған. Ол екі жылдан бері туған анасын іздеп жүр. Бұл туралы Сардар "Шетелдегі қазақ балалары" жобасында қазіргі өмірі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ол Америкада өте үлкен отбасына тап болған.
"Асырап алған кісілердің өздерінің бес баласы болды. Тағы бесеуіміздің асырап алды: үш бала Қазақстаннан, екеуі Тайваннан. Қазір бір отбасында өскен балалардың ең үлкені 43-те, кішісі 20-да. Қазақстаннан екі қыз, бір ұлмыз. Біздің қанымыз бір емес. Әпкем менен екі жас үлкен, екінші қыз менімен жасты. Оған қарындасым ретінде қараймын. Қазір бәріміз білім алып, жұмыс істейміз. Осыдан екі жыл бұрын туған ата-анама іздеу салып, Америкадағы қазақтардың әлеуметтік желідегі тобына жазба жарияладым. Көп адам менімен байланысқа шықты. Солардың бірі Нью-Йорктегі Наурыз тойына шақырды. Бардым, сол жердегі қазақ жігіттерімен таныстым", - деді Сардар.
Сардар асырап алған ата-анасының жақында ажырасып кеткенін айтты.
"Асырап алған ата-анам өте жақсы адамдар. Кішкентайымыздан әр жексенбі сайын бізді шіркеуге апаратын. Анам үйде отырып, бізді қарады. Екеуі де өте мейірімді адамдар, бізді еңбекқорлыққа баулыды. Осыдан 2-3 жыл бұрын екеуі ажырасып кетті. Өзім студенттерге арналған жатақханада тұрамын. Оқу ақысын өзім төлеймін", - деді ол.
Сардар - Тараз қаласының тумасы. Туу туралы куәлігінде әкесі мен анасының аты-жөні жазылған. Алайда екі жылдан бері оларды іздеп, таба алмаған.
"Туған анамның аты-жөні - Баймаханова Эльмира Қалмаханбетқызы. Әкем - Бекнұр Баймахан. Америкалық ата-анамның айтуынша, анам мені перзентханада дүниеге әкелген бойда қалдырып кеткен. Шынымды айтсам, не болғанын толық білмеймін. Туған анамды табамын деп үміттенемін. Бұл менің өмірімдегі ұмытылмас керемет оқиға болар еді. Үмітімді үзбеймін, іздей беремін. Туған анамды жек көрмеймін. Мүмкін сол кезде қатты қиналған шығар. Басына түскен ауыртпалықты көтере алмаған болар. Оны айыптамаймын, тек қана оны көргім келеді. Мама, егер сен бұл бағдарламаны көріп қалсаң, сені іздеп жүргенімді білші. Күндердің бір күнінде өзіңмен кездессем деп үміттенемін. Сенімен жақынырақ танысқым келеді. Өмір бойы өзімді мазалаған сұрақтардың жауабын алғым келеді", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!