Перзентханадан кортежбен күтіп алғандар жазаланды

Алматы облысында кортеж ұйымдастырған жүргізушілер жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қонаев соты Алматы-Өскемен тасжолында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған кортеж жүргізушілеріне қатысты шешім шығарды.

Әлеуметтік желіде бірнеше көлік басқа жүргізушілердің жолын бөгегені көрінетін видео тараған. Полицейлер жол ережесін бұзғандар Қонаев қаласындағы перзентханадан Арна ауылына бара жатқанын анықтады.

"Кортеж қатысушыларының бірі 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, үшеуі бір күннен қамауға алынды. Төртеуі де бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ал екі адамға айыппұл салынды", - деп жазылған хабарламада.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.

"Ереже бұзушылар міндетті түрде тиісті жазаға тартылады", - деп ескертті полиция.

Еске салайық, бұған дейін екі ай ішінде 28 рет жол ережесін бұзған қостанайлық қомақты айыппұл арқалады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз