Атырау облысының тәртіп сақшысы Амангелді Мұқашев Polisia.kz редакциясына қызмет бабында болған ұмытылмас оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Амангелді ІІО-дағы қызметін 2013 жылы Атырау қаласының полиция басқарамасы тергеу саласында полиция лейтенанты болып бастаған. Қазіргі таңда Жылыой аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры. 9 жыл бұрын дәретхана ішінен табылған шақалақ сәбиді құтқарып, аман алып қалған полиция қызметкері Амангелдінің құрметіне сәбиге Амангелді есімі берілген еді.
"Сол күні кезекшілікте болып, басқару пультіне жергілікті тұрғын үйлердің біріндегі дәретханада жаңа туылған сәби табылғаны туралы хабарлама түсті. Шұғыл түрде жиналып, оқиға орнына бардым. Хабарлама берген жедел-жәрдем медбикесі екен. Қатты шошынғаннан “бала өлді” деп айғайлап жатты. Бірақ дәретханадан шақалақ сәбидің дауысы естіліп, бар ойым баланы аман сау алып шығу болды. Содан дәретхананы қарап шығып, ыңғайлы жағына құлатып, ішіндегі баланы жарақаттап алмау үшін ішіне түсіп, балаға қарай ұмтылдым. Ішіне түскен кезде бала плацентадан ажырамаған күйінде жатыр екен.
Солай сәбиді аман алып қалу үшін дереу жоғарыға қарай көтеріп, шығарып бердім. Баланың періштесі сақтады десе де болады. Өйткені шұңқырдың ішінде болған кезде менің өзіме ауа жетпей, тұншығып қалдым. Ұзақ уақыт өтсе де, сол кездер әлі көз алдымда. Осы оқиғадан кейін ол балаға халық Амангелді есімін берген болатын. Қазір әлі күнге дейін бірге араласып, кездесіп тұрамыз. Болашақта кішкентай Амангелді батыр азамат болып ер жететініне сенемін", – дейді кішкентай Амангелдіге өмір сыйлаған полиция майоры.
Бейбіт күнде батырлығы мен батылдығын танытқан полиция қызметкері бүгінде отбасының қорғаны, екі қыз және бір ұлдың әкесі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!