ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу амалдарына сай 2021-2024 жылдар аралығында Мөлдір Сүйіншәлі Nura Elite коттедж қалашығын салу деген сылтаумен азаматтардан қаражат тартқан.
"Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Алайда бүгінде таунхаустар толық аяқталмаған (тек қаңқалары тұр), 2023 жылғы 4-тоқсанға дейін аяқтау жөніндегі міндет орындалмаған. Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 млрд теңге болған. Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Сүйіншәлінің, жұбайының және анасының есепшоттарына аударылған, сондай-ақ, 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған", - деп жазылған хабарламада.
Бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату дерегі де анықталған. Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірін күдікті жеке міндеті бойынша кепілге қойып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, бірнеше рет қайта сатқан.
Мөлдір Сүйіншәлі сатып алушылармен жер учаскелеріне құқық беретін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған. Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласында "Асылхан" тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған.
Сонымен қатар, құрылысқа қажет рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетінін мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.
Сот санкциясымен оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!