- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр пікірі
Перизат Қайраттың ұсталуы: министр Балаева пікір білдірді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева волонтер Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Волонтерлер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмегін көрсету механизмдерін жетілдірудің қажеттілігін тағы да еске салып отыр.
Қазіргі кезде Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылық белсенді түрде дамып келеді. Алайда бұл, сонымен қатар, алаяқтық пен пайдакүнемдік әрекеттерге де қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан барлық қазақстандықтарды қайырымдылық көмек операторларын мұқият зерттеуге және тек тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын", - деп жазды Аида Балаева.
Еске салайық, бүгін Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиард жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.
Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгелік елорданың премиум санаттағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлау ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.
Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталар жалдаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
Күдікті ұсталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина