Анонимді Telegram арналардың бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері осы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі "олар жылжымайтын мүлікті П.Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін" деген болжамды тексерген. Алайда бұл болжам расталмаған.
"Тергеу барысында қаржы операциялары жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды. П.Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны көліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге, оларды жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес санатпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған", - деп жазылған хабарламада.
Ал А. отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталмаған.
"Бұл жылжымайтын мүлік 2011-2019 жылдары, яғни Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры құрылғанға және П.Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, ерлі-зайыпты А. 20 жылдан аса уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П.Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де жеке жүргізген. Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес мүлік қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға, тәркілеуге болады. Күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды", - деп жазылған хабарламада.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал болды.
2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
2025 жылы 25 шілдеде Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Перизат Қайраттың анасы 7 жылға сотталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова