Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс тіркелгенін растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
20 желтоқсанда әлеуметтік желілерде Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева ақша жымқыру ісі бойынша күдікті деп танылғаны туралы ақпарат тарады. Мәжіліс дәлізінде журналистер ҚМА басшысының орынбасарынан Перизат Қайраттың анасының ақша жымқыру ісіне қатысы бар-жоғын сұрады.
Елемесовтің айтуынша, Ғайни Алашбаева алаяқтыққа және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген.
"Перизат Қайраттың анасы Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс тіркелді. Әзірге оған бұлтартпау шарасын таңдалған жоқ", - деді Елемесов.
Оның сөзінше, бұл іс бойынша басқа күдіктілер жоқ.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова