Перизат Қайраттың AMANAT партиясына қатысы жоқ - депутат

Перизат Қайраттың AMANAT партиясына қатысы жоқ - депутат
Фото: instagram.com/01pk

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының депутаты Елнұр Бейсенбаев Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бейсенбаев "Біз біргеміз" қайырымдылық қорының AMANAT партиясына қатысы жоқ екенін айтты. 

"Тергеу аяқталғанын күту керек. Сома да қомақты. Әрбір қайырымдылық қорының басшысы халықтан келген әрбір теңге үшін жауапты екенін білуі керек. "Біз біргеміз" қайырымдылық қорының AMANAT партиясына қатысы жоқ. Қордағы қамқоршылар жас волонтер болды. Бұл үш жыл бұрын болған оқиға. Қазір олар белгілі бір жетістікке жетіп, партия құрамына кірді, лауазымдарға ие болды. Ол кездегі жас балаларды волонтер, белсенді азаматтар ретінде білемін. Пандемия кезінде біз 600 мың азаматқа көмектестік", - дейді депутат. 

Бейсенбаев қайырымдылық қорларына тыйым салудың қажеті жоғын айтады.

"Бірақ олардың ашық әрі әділ жұмыс істеуін біз қамтамасыз етуіміз керек. Ол саяси мәдениетте ақшаның тазалығын қалыптастырады. Әрине, халықтың аңқаулығын, сенімділігін қоғамда пайдаланатындар жоқ емес. Бұл осы қорға қатысты ғана мәселе емес. Ондайлар көп. Барлығын тексеріп, ретке келтіру керек. Өзім қайырымдылық қорларына көмектесіп тұрамын. Бірақ "Біз біргеміз" қорына ақша жібермедім. Су тасқыны кезінде біз партияның атынан көмектестік", - дейді Елнұр Бейсенбаев. 

Айта кетейік, Перизат Қайрат - "Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

Астаналық әйел Перизат Қайрат уәде берген пәтерді әлі алмаған

14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылдың қараша айында Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алған. 

16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина