Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елемесовтің сөзінше, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық), сондай-ақ, 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша тергеліп жатыр.
"Бірнеше эпизод тергеліп жатыр: Палестина тұрғындарына қайырымдылық жасауға, сондай-ақ, су тасқынының салдарына жиналған ақша бойынша тергеу жүріп жатыр. Қаңтардың аяғында жаңа эпизод тіркелді, ол мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын құру үшін аукцион ұйымдастырып, ақша жинаған. Осылайша шамамен 22 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, оны да өз қажетіне жұмсаған", - деді Елемесов.
Оның айтуынша, бұл қаражатқа Перизат Қайрат пәтер, жеке үй және көлік сатып алған.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова