Перизат Қайрат ісінен кейін қайырымдылық қорлар туралы заң қабылдана ма?

Мәжіліс депутаты, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жуырда ұсталған Перизат Қайрат ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат қайырымдылық қорларының жұмыстарына қатысты қандай өзгеріс керек екенін айтты. 

"Қайырымдылық жасау, волонтерлік - қазақтың өзінің тарихындағы, ДНҚ-мыздағы жақсы құндылық. Екіншіден, кейбір азаматтар "оның барлығын бір ғана платформаға ауыстырамыз ба?" дейді. Менің ойымша, бұл ешқандай нәтиже бермейді. Реттеу керек пе деген сұраққа жауап берсек, реттеу керек. Бірақ шектеу емес. Осы екеуін ажырата білуіміз қажет. Тек мемлекеттік бір платформа болсын, сол платформа арқылы жүзеге ассын деген нәтиже бермейтін сияқты. Қайырымдылықты қалай қолдаймыз дегенде екі-ақ қана мәселе керек: ашықтық, сенім. Егер сен сенсең, білсең, есебі болса, онда қайырымдылық жасайсың. Басты мәселе - ашықтық пен сенімділікті арттыру. Ол үшін бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізуіміз керек. Мүмкін аудит болуы керек шығар. Екіншіден, ашықтық бойынша арнайы механизмдер болу керек. Үшіншіден, есеп болуы керек шығар", - деді депутат Abay Live-қа берген сұхбатында. 

Асхат Аймағамбетов жария жасамай садақа беретінін, сол сәтте қорларды тексеріп, көз жеткізетінін мәлімдеді.

"Менің ойымша, қазір қосымша заңнамалық реттеу керек. Керек емес, осылай қала берсін десек, ол да дұрыс болмайды. Өйткені мемлекет қоғамдық бірлестіктердің жұмысына араласа алмайды. Тексеру органдары оларды тікелей тексере алмайды. Сондықтан осы салада қосымша тетіктер керек. Бірақ оны тек мемлекетке итеріп тастаймыз деген де ойларды естіп отырмыз. Олай болса, дұрыс емес", - деді Асхат Аймағамбетов Abay Live-қа берген сұхбатында. 

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!