Перизат Қайрат кінәсін мойындамаған

Перизат Қайрат кінәсін мойындамаған

ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Агенттік өкілі Перизат Қайрат жаңа оңалту орталығының құрылысына, Палестинада зардап шеккендерге, оған қоса 2024 жылы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға қаражат жинағанын еске салды.

"Бұл үш іс те ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қаралды, олар бойынша тергеу аяқталды. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша ол активтерге біріктіру арқылы жасырған екі дерек бар", - деді Жеңіс Елемесов Сенатта өткен брифингте.

ҚМА өкіліне барлық іс бойынша жәбірленушілердің нақты санын айту қиынға соқты.

"Үлкен көлемде ақша қосқан жәбірленушілер бар. Басқа жәбірленушілердің мүддесін прокуратура қорғайды", - деді Елемесов.

Брифинг барысында агенттік төрағасының орынбасары күдікті Перизат Қайрат бұл эпизодтар бойынша кінәсін мойындамайтынын айтты.

Сонымен қатар, ҚМА өкілі Перизат Қайраттың анасына қатысты істің егжей-тегжейін мәлімдеді, ол да бұл істе күдікті.

"Оны да ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" және ҚК-нің 218-бабы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айыптап отырмыз, оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамағына алу таңдалған. Бұл қылмыстық істер танысу сатысында", - деп толықтырды Жеңіс Елемесов.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!