- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Перизат Қайраттың ісі
Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды
Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Астана қаласының тергеу соты мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылдың 15 қарашасында сотқа тергеу органдарынан күдікті Қайрат Перизатты екі айға дейін қамауға алу туралы өтініш хат берілгені белгілі болды.
"Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2024 жылғы 16 қарашадағы қаулысымен күдікті Қайрат П-ға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш хат қанағаттандырылды", - делінген сот хабарламасында.
Басқа деректер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі (AFM) Перизат Қайраттың заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
Кейін Қаржы мониторингі агенттігі оның қайырымдылық қорынан 1,5 миллиард жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды.
Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин