• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Перизат Қайрат басқарған қордың тағдыры шешілді

Перизат Қайрат басқарған қордың тағдыры шешілді
Фото: instagram.com/01pk

Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі жабылуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұйым 2021 жылы қазанда тіркелген. 14 ақпанда сотқа қорды мәжбүрлеп тарату туралы талап арыз түскен.

"14 ақпанда Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп тану және бірлестікті мәжбүрлеп тарату туралы талап түсті", - деп мәлімдеді Әділет министрлігі өкілі.

Сотқа жүгінуге негіз болған себеп - Қаржылық мониторингі агенттігінің өтініші. Агенттік Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 бірлестігі құрылуынан "заңбұзушылықтар анықталғанын және ұйымды сот шешімімен таратуға негіз бар" екенін мәлімдеген.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова