- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пентагон басшысы: Ресей...
Пентагон басшысы: Ресей қауіпті саясат жүргізіп отыр
АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер Ресейдің қазіргі жүргізіп отырған сыртқы саясаты әлемдегі бейбітшілікке қауіп төндіреді деп санайды.
Бұл туралы ол қарашаның 7-і күні Рональд Рейганның президенттік кітапханасында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар мен АҚШ қорғаныс министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында мәлімдеген.
Ресей теңізде, әуеде, ғарышта және киберкеңістікте «қатерлі іс-әрекеттерге» барып отыр, - деген Картер.
Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екені туралы мәлімдемелерін сынға алған Пентагон басшысы Мәскеудің Грузия мен Украинаның егемендігіне қол сұғуын, Балтық елдеріне қоқан-лоқы жасауын және Сириядағы азаматтық соғыстың жалғасуына дем беріп отырғанын айыптаған.
АҚШ-тың Ресеймен ешқандай соғыс түрін қаламайтынын ескерткен Картер, бірақ қазіргідей қалыптасып отырған жағдайда АҚШ қорғаныс министрлігінің Ресейдің басқыншылық екпінін ауыздықтау және АҚШ-тың одақтастарын қорғау амалдарын қарастыруға мәжбүр екенін айтқан.
Дереккөз: nur.kz
Ж. Исакаев