Танымал журналист Кәмшат Тасболат отандық телеарнаны педофилияны ашық көрсеткені үшін сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Масқара! Astana арнасында бала құқын бұзатын, педофилияны ашық көрсететін "Қорғаушы ханым" атты үнді сериалы боп жатыр?! Шыны керек, отандық арнаның мұншалық қоқыс жәшігіне айналғанын білмеппіз. Ақпарат министрлігі, Бала құқын қорғайтын ұйымдар, омбудсмен, Президент жанындағы әйелдер мәселесімен айналысатын комиссия, депутаттар назар аударатын дүние. Сериалға келсек, шамамен 9-10 жастағы қыз (бойы ересектердің беліне келеді) төсекте неке түнін күтіп жатыр. Күйеуі - 18-20 жастан асқан еркек. Одан сорақысы, бөлмеге 50-60-тағы шал кіріп кетіп, кішкентай баланы аяғынан сипалап, аймалай бастайды. Шыны керек, адамның жүйке жүйесіне, психикасына кері әсер ететін видео. Осыдан кейін елімізде педофилия қылмысы неге көбейді деп несіне таң қаламыз, егер мемлекеттік арнадан мынандай азғындық ашықтан-ашық көрсетіліп жатса?! Адамның жүрегін айнытатын, аздыратын мына сериалды эфирден алып тастау керек! Бұрынғыдай әр сериалды сараптан өткізу керек. Салық төлеушілердің есебінен күнін көріп отырған арналар контент үшін жауап берсін", - деп жазған ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!