Педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыратын заң жұмысқа алынды

Педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыратын заң жұмысқа алынды
Фото: pexels.com

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасы және "Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы " ілеспе заң жобасы жұмысқа алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобаларының маңызды тұсын Асхат Аймағамбетов түсіндірді. Ол маңызды құжат депутаттардың бастамасымен әзірленгенін атап өтті. Жоба президенттің отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасына толық сәйкес келеді.

"Заң жобасында, біз келесі негізгі нормаларды ұсынып отырмыз:

Біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді, қазіргі әкімшішік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу, және де жазасын әлдеқайда қатаңдату;

Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру.

Үшіншіден, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлықын өзгерту үшін, сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру.

  • - Педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр;
  • - Суицидты насихаттау үшін, немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
  • - Балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын-ала ескертпей ақ, кез-келген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды", - деді Мәжілістің әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобалары жұмысқа алынды.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz