Сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы мен ілеспе құжатты екінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңның мақсаты - әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу.
"Құжат аясында Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Біріншіден, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық қылмысын жасаған адамға оған кодекстің ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Екіншіден, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ, кодекстің 108-1 ("Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") және 109-1 ("Ұрып-соғу") баптарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды татуласқаннан кейін қайталап жасаған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді", - деді сенатор Жанна Асанова.
Депутаттың айтуынша, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алып тасталады, оның орнына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады.
Сондай-ақ, баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазаларды алып тастау арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстыру арқылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі", - деді сенатор.
Сондай-ақ, заңда мынадай ережелер енгізілген:
"Нәтижесінде заңдарда әйелдер мен балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік сипаттағы маңызды нормалар қарастырылды. Негізгі заң Қазақстанның 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Ілеспе заңда "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодекске түзетулер енгізу ескерілген", - деді Жанна Асанова.
Сенаторлар заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!