- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Педофилден қалай сақтану...
Педофилден қалай сақтану керек? Балалар қауіпсіздігіне арналған орталық басшысымен сұхбат
Қазіргі таңда елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен педофилия тыйылмай тұр. Осы ретте Алматыдағы балалар қауіпсіздігі орталығының басшысы, тренер Елизавета Пушковамен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Үлкен қызыма қауіпсіздікті үйреткім келді"
Елизавета бұл салаға өз қызығушылығы арқылы келген.
"Бірнеше жыл бұрын үлкен қызыма балалардың қауіпсіздігіне байланысты курс іздедім. Статистиканың жоғары екенін білген соң бұл саланы үнемі бақылап, қарап жүрдім. Қазақстанда және басқа елдерде де баланы жалғыз жіберу қауіпті. Себебі жыл сайын педофилдердің саны артып келеді. Олар қалай балаға шабуыл жасау керек, қандай сөз айту керек екенін бірге отырып, талдайтынын білдім. Тіпті, "біз балаларды жақсы көреміз" деген ұранмен неше түрлі жоспар ойластырып, іс-әрекеттер жасайды. Солардың бәрін көрген соң курс іздеп, соңында балалардың қауіпсіздігі туралы тренинг ұйымдастыратын Зарина Жұмағұловамен таныстым. Тренингте ең маңызды білімді үйрендім. Себебі мұндай тренинг еш жерде жоқ. Тіпті Қазақстанда бұл бағыттағы бірінші ашылған тренинг деп айтар едім. Осылайша балаларды қауіпсіздігі туралы керек білімнің барлығын Заринадан үйрендім", - деді ол.
Кейін Зарина өз мектебін жауып тастаған. Сол сәтте Елизавета осы саланы дамытуды жөн көрген.
"Осы саланың бүге-шігесін үйренген соң, әрі қарай дамытқым келді. Сөйтіп, өзге тренерлерді үйреттім. Өзге қаладағы балаларға көмектесу мақсатында басқа өңірлердегі Себебі кез келген адам Алматыға келе алмайды, оған мүмкіндігі жоқ. Сол үшін өзге қаладан тренерлерді көп оқытып жатырмын. Олар балаларды осы қауіпсіздікпен таныстырса екен деймін", - деді ол.
"Мемлекет тарапынан көмек алмаймын"
Алматыдағы "Балалар қауіпсіздігі орталығын" Елизавета өзі қаржыландырады. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек берілмейді.
"Оқу ақылы түрде өтеді. Себебі жаттығу өткізетін орынды жалға аламыз, өзге тренерлерге ақша төлеймін. Әрине, балалардың мұндай жаттығуға тегін қатысқанын қалаймын. Алайда оған қазір мүмкіндік жоқ. Орталықта бес сабақ өткізіледі. Атап айтқанда, ересектердің және кішкентайлардың қауіпсіздігіне арналған қауіпсіздік сабағы, киберқауіпсіздік, кибербуллинг, киберсталкинг сабақтары өткізіледі. Киберсталкинг дегеніміз - жәбірленушіге сес көрсету үшін қайта-қайта қорқыту, үрейлендіру хабарламалары арқылы оны аңду. Көптеген педофилдер онлайн балалармен танысып, сеніміне кіреді. Балалардың әлеуметтік желіге қойған суреттері арқылы қорқытады, кездесуге шақырады. Қазір антибуллингтік бағдарлама бар. Сол бойынша балаларды таныстырамыз. Ал кибербуллинг (cyberbulling) – бұл қасақана қорлау, қоқан-лоққы жасау және басқаларға біреу туралы компроматтар жинап, соны ұзақ уақыт бойы сол адамға қолдану", - деді ол.
Ол педофилия Қазақстандағы ең өткір мәселе деп санайды.
"Педофилдердің 20 пайызы танымайтын адам болса, 80 пайызы таныстар немесе туыстардың арасынан шығады. Сол үшін де балалардың 80 пайызы педофилдерді таниды, біледі. Барлық балалар қылмыскерді қолында қаруы бар, қара бетпердемен жүретін, түрі суық немесе ішімдік ішкен адам деп ойлайды, солай елестетеді. Ал педофилдер күліп тұрады, ол балалармен танысқанда оған қызықты нәрсе ұсынуы, көмек сұрауы әбден мүмкін. Яғни баланың сеніміне кіруді мақсат етеді. Ересектердің осындай қауіпті қылықтарын балаларға айтып, оларды сақтандыру үшін осы тренингті өткізіп келемін. Балалар тіпті мұндай кезде айқайлай алмайды. Одан бөлек тренингте әр адамның жеке шекарасы, сенім шеңбері туралы айтамыз. Егер балаға ағасы, атасы, жақын туысы жаман қылық көрсетсе, не істеу керек, үлкендерге қалай айту керек - соның бәрін ойын түрінде түсіндіреміз. Мысалы қауіпті жанасу - жыныс мүшелеріне біреу қолын тигізу қауіпті екенін айтамыз. Ондай кезде "қаш,айқайла, жақындама" деп айт" деп үйретеміз", - деді ол.
Тренингке кімдер қатыса алады?
Тренингтеге маңызды сабақтың бірі - "Жалғыз қалғанда" бағдарламасы.
"Мәселен, лифт, жертөле - бұлардың бәрі балалар үшін қауіпті. Көптеген қылмыстар да осындай жерде болады. Педофилдер де баланы осы жерлерден алып, алдап кетеді. Сондай-ақ, үйде жалғыз қалғанда да есікті ешкімге ашпау керегін ескертеміз. Саябақ та осындай қауіпті жерлердің бірі. Бізде өзін-өзі қорғау жаттығулары бар. Тренингте балаға ересектерді ұруды үйретпейміз. Себебі өзіңнен үлкен адамды ұру баланың қолынан келмейді. Керісінше, өзін қорғау үшін және қашу үшін қажет жаттығуларды үйретеміз", - деді ол.
Оның айтуынша, тренингке балалар 6 жастан бастап қатыса алады.
"Себебі 6 жасқа дейін бала біздің айтқанымызды түсінбеуі мүмкін. Ал 6 жастан бастап балалар өзін-өзі қорғай алады. Жасөспірімдерді 13 жастан бастап қабылдаймыз",- деді Елизавета.
"Оқу-ағарту министрлігіне хат жолдадым"
Елизавета орталық ашқан алғашқы жылдары мектепте тегін осы бағытта сабақ өткізгісі келгенімен, ешкім рұқсат бермеген.
"Сенбеуіңіз мүмкін, тренер болып өз жолымды енді бастағанда қызым оқитын мектепке барып тегін үйреткім келді. Алайда мені мектепке кіргізбеді. Себебі мұндай нәрсе оларға керек емес екенін айтты. Олар тіпті балалар қауіпсіздігі дегенді ойлап тұрған жоқ. Мектептерде ата-аналардың өзі айтып, жиналатынын айтса ғана барамын. Бірақ мұның бәрі ата-аналардың өтінішімен жүзеге асады. Ал мектептер мұндаймен мүлдем айналыспайды", - деді ол.
Сондай-ақ, ол бұл жөнінде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға ұсыныс айтып хат жазған.
"Динара Зәкиева хатымды Оқу-ағарту министрлігіне жолдады. Алайда олардан "Сәлеметсіз бе, Елизавета, сіздің айтып отырған мәселеңіз өте орынды. Алайда бізде бәрі жақсы. Биыл біз балалар қауіпсіздігіне қатысты іс-шаралар өткізіп жатырмыз" деген жауап алдым. Яғни, оларға менің көмегім керек емес. Бұл мәселеде Динара Зәкиева маған көмектескісі келді, бірақ осылай жауап жолдады. Сондықтан, біздің мемлекет мұндай мәселеге бас ауыртпайды деген шешімге келдім", - деді ол.
Бөтен адамнан қалай сақтану керек?
Елизавета орталыққа қатысуға ата-аналар тарапынан сұраныс өте жоғары.
"Сұраныс жоғары болғандықтан тренерлерді көп дайындап жатырмын. Себебі барлық балаға шамам келмейді. Бір жылда санаулы ғана баланы оқытамын деп жүргенде қалған балалар өсіп, ержетіп кетеді",- деді ол.
Оның айтуынша, балалар көшедегі таныс емес адамнан қорғану үшін бірнеше ережені есте ұстауы тиіс.
"Ең басты ереже - қылмыскер ешқандай бетпердеде немесе суық қару ұстап жүрмейді. Ол кәдімгі қарапайым адамдар секілді киінеді. Осыны көп ата-ана баласына айтпайды. Мәселен, күліп бетіңе қараған немесе сөйлеген ағайдың артынан бірге еруге болмайды. "Сен еруге міндетті емессің. Үлкендердің айтқанын орындамауға құқығың бар. Бұл тәрбиесіздікке жатпайды" деп әр ата-ана баласына түсіндіруі керек. Әйтпесе бізде көпшілігі посткеңестік дәуірдегі ережемен, "олай жасама, ұят болады, айқайлама, үлкенлерге қарсы сөйлеме" деп ақыл айтады. Осындай тәрбиеден соң бала сондай құрбандыққа айналуы мүмкін.
Тағы бір басты ереже - ересек адам кішкентай баладан көмек сұрауды талап етпейді. "Егер ересек адам сенен көмек сұраса, онда сақтан және қаш. Егер қылмыскер саған қарай жақындаса, бірдеңе ұсынса қаш. "Саған бірдеңе көрсетемін" деп қызықтырса, бұл - өте қауіпті". Осыны да балаларға әрдайым ескертіп отыру қажет",- деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы