- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Педагогтердің жалақысына үстемақы...
Педагогтердің жалақысына үстемақы қосылады
Биылдан бастап кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей "педагог - модератор" біліктілік санаты беріледі. Сондай-ақ, жалақысының 30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төленеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек өтілі 10 жылдан асатын педагогтерге жалақыға 35 пайыз үстемеақы төленіп, сарапшы санаты беріледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінде айтылды.
"Барлық қажет кәсіби технологияны меңгерген білікті маман даярлауда негізгі орын оқу шеберлері мен колледждің арнайы пән педагогтеріне тиесілі. Өйткені олар студенттерге білім беріп қана қоймай, дағды қалыптастыру үшін өзінің өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, өндірістегі білгенін үйретеді. Сондықтан өндірістен тартылған педагогтер үшін осы шаралар қарастырылған. Колледждерде алғаш рет педагогикалық қызметке кіріскен және кемінде 2 жыл өндірістік өтілі бар мамандар тестілеуден өтпей-ақ "педагог" біліктілік санатын ала алады. Сонымен қатар, өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары аттестаттаудан өту кезінде тестілеуден босатылады, тек қызмет нәтижелерінің жалпы кешенді тексеруінен өтеді. Бұл өзгерістер колледж педагогтерін ынталандырады және кадр даярлау сапасын арттырады",- дейді департамент директоры Ернат Жүнісов.
Сондай-ақ, зейнет жасына 4 жыл қалған педагогтер, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылатын болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек