Педагогтердің біліктілігін арттыратын тесттің сауалдары расында күрделі – Батыр Әлиев

Педагогтердің біліктілігін арттыратын тесттің сауалдары расында күрделі – Батыр Әлиев

Білім саласындағы проблема қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Сондықтан Massaget.kz тілшісі Астана қаласындағы білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиевті әңгімеге тартқан еді. Екеуара сұхбатқа саладағы бүгінгі күннің басты мәселелері арқау болды.

Батыр Әлиұлынан алдымен астаналық педагогтардың ең өзекті деген мәселелеріне тоқталуын өтінген едік.

"Қазір біз 2020 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жұмыс істеудеміз. Мен осы заң жобасын жасаған жұмыс тобында болдым. Ол заң педагогтерге жақсы пайдасын тигізуде. Жалақылары жыл сайын 25 пайызға өсіп тұрды. Ал келер жылы жалақылары қалай болатынын айта алмаймын. Бізде, дегенмен инфляция деген бар. Бір жағынан жалақыны көтермеу мүмкін еместей. Санатына байланысты үстемеақы алатындар бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бірақ, проблемалар аз емес. Соның бірін айтар болсақ, осы шақырылымдағы Мәжілістің бірінші сессиясында Президент те атап өткендей, мұғалімдерді аттестаттаудың талаптарын жеңілдету керек. Әңгіме мұғалімдер санатын арттыратын кезде тапсыратын аттестация жайында болып тұр. Бұл осы уақытқа дейінді түйінді күйінде еді, Мемлекет басшысы көтергеніне қуандым. Себебі аттестациялық комиссияда өзім бармын. Өзім куәмін. Мысалы, сұрақтар күрделі. Оған қоса, партфолио дайындау керек. Бізде партфолионы тек мұғалімдер жинайды. Дәрігерлер біліктілігін арттыратын болса, портфолио жинамайды. Мемлекеттік қызметкерлер де солай, тек тест тапсырады. Сонымен қатар мұғалімдер аттестацияның бірінші кезеңінде түрлі курстардан өткенін растап, оқушының, өзінің жетістіктерін түгендеуі тиіс. Балабақша тәрбиешілерінің конкурсқа қатысу мүмкіндіктері шектеулі.  Өйткені, конкурстардың саны шектеулі. Мысалы, Астанада 100-ге жуық мемлекеттік балабақша бар. Ал тәрбиешілерге бір қолдың саусағымен санарлық конкурс бар. Оларда, бас жүлдені қоса есептегенде, 4 орын ғана есепке алынады. Сонда конкурстардан бас-аяғы 20-ақ орын алуға болады. Ал тәрбиешілер өте көп. Қосымша білім беру мекемелерінің оқытушыларына да, мысалы саз мектептеріне де талап жоғары. Ондағы мұғалімдердің әрқайсысы әртүрлі аспапты меңгерген. Алайда, тесттегі сұрақтары бірдей. Мектепте аттестация кезінде математика пәнінің мұғалімі мен физика пәні мұғалімінің сұрақтары әртүрлі болады ғой. Бірақ баянға үйрететін педагог пен домбыраға үйрететін педагогтың сұрақтары бірдей. Мен ол сұрақтарға көз жүгіртіп көрдім, шынында күрделі. Мұғалімдердің жалақысына тоқталсақ, ауылдық аймақтардағы ұстаздар қаладағы педагогтерден 25 пайызға көбірек жалақы алады. Қалада пәтерақыдан бастап, азық-түлік және басқа да қажеттіліктер ауылға қарағанда, қымбатырақ. Бұрын коэффицент деген болған. Қазір ол да жоқ дейді.

Ал олардың демалыс-сауықтыру орындарына жолдамасына қатысты былай дейді.

"Бұл тұста мынаған назар аударайықшы, "Педагог мәртебесі туралы" заңның 12-бабының 7-тармағына сәйкес, жергілікті органдар мұғалімдердің коммуналдық төлеміне қосымша ақы қарастыра алады. Екінші, жергілікті әкімдіктер кәсіподақтар секілді шипажайларға жолдама бере алады. Бірақ, бұл міндеттелмеген, жәй ғана құқы бар. Бірақ ешбір заңда "Кәсіподақтар шипажайларға жолдама беруі тиіс" деп жазылмаған. Бұл – кеңес өкіметі тұсынан қалған түсінік. Кәсіподақ мүшелері де соған үйреніп қалған. Кейбіреулер кәсіподақ тек шипажайға жолдама берумен айналысады деп ойлайды. Мен, мысалы күнделікті еңбек ұжымдарына барғанда, кәсіподақтың бірінші мәселесі еңбек құқықтарын қорғау екенін түсіндіремін. Ұжымдық шарт туралы айтамын, министрлік, басқармалармен жасаған қосымша келісімшарт жайында жеткіземін. Өзім де заңгермін. Соның барлығын талдап айтып болған соң, мұғалімдердің өзі шипажайға жолдама туралы сұрақ қояды. Біз жолдама беруге міндетті емес екенімізді айтқанда, олар таңқалады. Қазір шипажайларға жолдама беруді тек ТМД мемлекеттері ғана іске асырып отыр. Басқа шет елдермен де байланыстамыз. Өркениетті елдердегі әріптестеріміз:"Педагогтарға неге шипажайларға жолдама бересіздер, олардың денсаулығы үшін төленетін сауықтыру жәрдемақысы бар ғой?" деп сұрайды. 2007 жылы денсаулыққа деп беретін қосымша ақыны сараптайтын жұмыс тобында болдым. Сонда 1 ставкада жұмыс істейтіндерге – бір, 2 ставкада жұмыс істейтіндерге екі денсаулық үшін төленетін ақы төлеу мәселесі алдымыздан шықты. Ал, тәжірибеде 2 ставкада жұмыс істейтін педагогтарға 1 сауықтыру жәрдемақысы төленді. Бұл мәселе Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағымен шешілді. Қазірге бұл талап Салалық, Аймақтық келісімшарттарда және Кәсіподақтың ұжымдық шарттарында міндетті түрде қарастырылған. Басқа заңда жоқ. Осыны оңтайлы шешіп, жолға қойдық. Бірақ, өкінішке орай осыны түсінбейтін педагогтар да бар. Тағы да айта кетерлігі, бізде шипажайларға жолдама зейнеткерлерге, әлеуметтік осал топтарға тізім бойынша беріледі. Сол тізімге педагогтарды  да жергілікті әкімдіктер кіргізуге құқылы, олар коммуналдық төлеммен қоса, шипажайларға жолдама ала алады. Қазіргі кезде жергілікті әкімдіктер өзінің төсбелгілерін бекітті. Мысалы, "Астана қаласының үздік педагогы" деген төсбелгі бар. Оның қасына бір реттік 300 АЕКмөлшерінде төлемақысын алады" дейді.

 

Елімізде тұрғын үй проблемасы күн тәртібінен түскен емес. осы ретте кәсіподаққа осындай сауалмен жүгінетіндер бар ма екен деген сауалымызға орай

"Бар, көп десек те болады. "Педагог мәртебесі туралы" заңда бұл қарастырылған. Бірақ, оны әрбір мұғалім ала алмайды. Олар ел қатарлы кезекке тұрып алады. Бөлек арнайы бағдарлама жоқ. Осы жұмада бізге бір педагог келіп, жанайқайын жеткізді. Ол үй кезегінде тұрғанымен, кезегінің жылжымай жатқанын айтты. Біз тиісті органға сұрау салатынымызды, бірақ үйді тек кезегі келгенде ғана алатынын жеткіздік. Біздің қолымыздан келетін көмектерді көрсетуге дайынбыз" деп жауап берді. 

 

Ал мектептерді қайта құрылымдау шарасы қалай болмақ. Мұны да сұрап көрген едік.

"Иә, біздің мектептер шарушылық жүргізу құқығындағы мекемеге ауысып жатыр. Бұрын коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болды, қазір мектептерге шаруашылық жүргізу құқы беріліп жатыр. Мұның пайдасына келсек, мысалы бізде Үкімет бекіткен №77 қаулы бар. Сол құжатта мектепте қанша жұмысшы, қанша педагог, оларда қанша сағат болуы керек, барлығы жазылған. Сіз директор ретінде қосымша заңгерді, кадр маманын ала алмайсыз. Ал шаруашылық жүргізу құқына ауысқанда, бұл қаулы ол мекемеге ықпал етпейді. Директор мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес штатты, жалақыны өзі бекітеді. Жыл сайын жан басына шаққандағы қаржыландыруға сәйкес қаражат түседі. Оны орын-орнына директор бөледі. Бір сөзбен айтқанда бір әмиян болады. Ал коммуналдық мемлекеттік мекемеде әмияндар әртүрлі. Жалақыға бір көзден, жөндеу жұмыстарына екінші көзден қаржы қаралады. Яғни бұрын техникалық ерекшелікті ауыстыруға мүмкіндік болған жоқ. Мемлекеттік коммуналдық мекемеде директордың 8 орынбасары қызмет етсе, шаруашылық жүргізу құқы берілгеннен кейін олардың санын 3-4-ке қысқартуға болады" дейді. 

 

– Бұл әр мектептегі мұғалімнің жалақысы әртүрлі болуына әкеп соқпай ма? Алаңдаушылығымызды жасырып қала алмадық.

 "Жоқ, тек қана директор мен оның орынбасарларының және бас есепшінің жалақысын жергілікті органдар бекітеді. Ал басқа жұмысшылардың жалақысын директор бекітеді. Еңбек кодексінің 1-баптың 1, 2-тармақшасына сәйкес, олар – азаматтық қызметкер. Ал шаруашылық жүргізу құқына ауысқанда бұл мәртебе жойылады. Сәйкесінше, Еңбек кодексінің 139-бабы қолданысқа алынбайды. Ол бап "Азаматтық қызмет" деп аталады. Сол заңның 10-бөлігінде азаматтық қызметкерге кем дегенде 30 күн еңбек демалысы қарастырылған. Енді шаруашылық жүргізу құқына ауысқанда азаматтық қызмет мәртебесі жойылады дедік.

Мұғалімдерге келсек, "Педагог мәртебесі туралы" заң қолданысқа алынады. Мұғалімдерге сол заң бойынша денсаулығын қалпына келтіруге төлем жасалады. Бірақ мектепте мұғалімдерден басқа да азаматтық қызметкерлер бар ғой. Есепші, кітапханашы, іс жүргізуші, тағысын тағы. Олар туралы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен бөлек бұйрық бар. Алайда, олардың денсаулығын қалпына келтіру төлемі мен 30 күн еңбек демалысын қалай сақтаймыз деген сұрақ туады. Мұны 2021 жылы Астана қаласының Білім басқармасымен келісіп, Келісімшартпен ұжымдық шарттарға кіргіздік. Еңбек министрлігімен бекіттік. Мысалы, Кәсіподақ ұйымына мүше емес мұғалімнен басқа қызметкерлерге 24 күн еңбек демалысы қарастырылады. Денсаулығын қалпына келтіру төлемін жасамауға болады. Заңды түрде. Өйткені азаматтық қызметкер емес. Бірақ біз Келісімшарттың арқасында осыны сақтап қалдық деген пікірін де жасырып қалмады. 

 

– Ал тұрғын үйге қатысты артықшылықтар жоқ па? деген сауалымызға орай

 

– Бізде "Тұрғын үй туралы" заң бар. Ал оның талабына сәйкес, шаруашылық жүргізу құқындағы мекеме қызметкерлері мемлекет қорынан тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Мәселен, сіз коммуналдық мемлекеттік мекеме директорысыз. Ал мен мұғаліммін. Сол кезде үй кезегіне тұрдым делік. Кейін мекемеге шаруашылық жүргізу құқына ауысса да, кезегім сақталады. Ал шаруашылық жүргізу құқындағы мекеменің қызметкері үй кезегіне тұра алмайды. Өйткені, ШЖҚ мекеме коммерциялық ұйым болып саналады деп жауап берді.

 

– Батыр Әлиұлы, сонда білім беру ұйымдарына бұл жүйенің қандай тиімділігі бар? деген сауалымызды да жасыра алмадық. Оған орай...

"Дұрыс сауал, айтайық, мектеп қосымша қаржыға ойын алаңшаларын сабақтан тыс уақытта жалға беруге болады. Сол секілді, спорт, акт залдарын да жалға бере алады. Алайда, Астана қаласында балалардың саны көп болғандықтан, акт залының өзінде сабақ жүріп жатады. Демек, қауіпсіздікті де ойлау керек. Мұнда кабинетті біреуге жалға бергені үшін қосымша жауапкершілік пайда болады. Мектеп директоры он ойланып, жүз толғанады. Балалардың қауіпсіздігіне де алаңдайды. Шынтуайтында, жалға бермейді де. Алайда, тиімді тұстары бар. Бірақ оны қалай іске асыру керектігін директордың өзі шешеді" дейді.

 

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы