Ішкі істер министрлігі есірткі дүкенін әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жедел қызметкерлердің көзіне түскен "Пепе" интернет дүкені арқылы есірткі тарату арнасы жұмыс істеген. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, жалдамалы пәтерлерден жасы 30-дан асқан бес ер адамды ұстаған.
Қылмыстық сызба былай жүзеге асқан: "ұйымдастырушы - буып түюші - қойма қызметкері - есірткі жасырушы". Күдіктілер тәулік бойы есірткі тұтынушыларды марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерімен қамтамасыз еткен.
"Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсының салмағы 100 грамм болатын 238 ерекше кондитерлік өнім тәркіленді. Күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту барысында 12 келіге жуық түрлі есірткі, соның ішінде 8 келіден аса марихуана, 1,5 келі гашиш, 2 келі каннабис шайыры тәркіленді. Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электрон таразылар, брикеттер, вакуумдау мен өлшеп-орауға арналған құрылғылар, түрлі-түсті оқшаулағыш таспалар, өзге де заттай дәлелдер тәркіленді", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!