Підия деген не? Кімдерге Ораза ұстамауға болатыны айтылды

Підия деген не? Кімдерге Ораза ұстамауға болатыны айтылды
Фото: freepik

Шариғатта созылмалы ауруға шалдыққан немесе шамасы келмейтін адамдарға Ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Рамазан айына дайындық туралы брифингте ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы осындай мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚМДБ өкілі қандай жағдайда Ораза ұстамауға рұқсат етілетінін айтты.

"Підия деген нәрсе бар. Ораза тұтуға шамасы келмеген адам (береді - еск.). Тура түсіну керек. Підияны беріп, Ораза тұтпай қоямын деген нәрсе жоқ. Ораза кезінде адам үш сыныпқа бөлінеді. Бір адам дені сау, мүсәпір емес. Ұл ма, қыз ба, оған Ораза тұту - парыз. Екінші бір адам - ауру, уақытша ауру, тұмау. Ораза тұтса, ауруы күшейіп кетеді. Бұл адамға Шариғат рұқсат беріп жатыр. Сол күні аузын ашып, кейін Ораза тұта берсе болады. Жүкті әйел, емізулі әйел - бәрі осы сыныпқа кіреді. Ораза тұтуға шамасы келмейтін ата-әжеміз, созылмалы ауруға тап болған адамдар підия береді. Підия - ертелі-кеш бір адамды тамақтандыру. Жағдайы бар ауқатты адамға 3 мың теңге. Жағдайы келмей тұрғандар, ата-әжелеріміз, зейнетақыға қарап отырғандар пітір садақаны, яғни 535 теңгені 30-ға көбейтіп, соны берсе, олардың мойнынан түседі", - деді Сансызбай Құрбанұлы.

 

Айта кетейік, биыл Ораза 23 наурызда басталады. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын.

Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова