- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Пайызсыз несие". Қазақстанға...
"Пайызсыз несие". Қазақстанға Ислам банктері келсе не болады?
Ислам финансының магистрі, қаржыгер Мұрат Қылышбай неге Қазақстанда Ислам банктері дамымай отырғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ислам банкінің жүйесі қалай жұмыс істейді?
"Ислам банкі ешкімге тегін ақша таратпайды. Екіншіден, Ислам банкі дәстүрлі банк секілді жұмыс істейді деген де пікір қате. Яғни шариғатты жамылып алады да, кәдімгі банктен ешқандай айырмашылығы жоқ жұмыс істейді деген сөз бар... Дәстүрлі банктің жүйесі түсінікті деп ойлаймын. Онда алатын несиеңіздің үстінен белгілі бір пайыз қосып береді. Кейін келісімшарт бойынша оны төлеуге міндеттісіз. Егер несиеңізді төлей алмасаңыз үстінен пайыз қосылады.
Ислам банкі шариғат заңына сәйкес жұмыс істейді. Басқа банктер сияқты оларда пайда табуға ұмтылады. Онда дәстүрлі банктер сияқты жоғары пайыз қосу "харам" саналады. Ислам банкіне барып депозитке ақша құйсаңыз, сізге банк үстінен бекітілген түрде табыс төлеп беремін деп уәде бермейді. Өйткені шариғат бойынша бұған рұқсат етілмеген. Мұнда ақша – тек айырбас құралы. Оларға пайыздық сыйақы есептелмейді. Банк пен салымшы – бір-біріне ешқандай ақпаратты жасырмайтын тең әріптестер, тең инвесторлар, тең үлескерлер. Банк жиналған қаражатты тек шариғатқа сәйкес жобаларға салады. Олардан түскен пайда банк пен салымшылар арасында әділ түрде үлестіріледі. Пайданың түсу-түспеуіне қатысты қауіп-қатерлер де екі жаққа тең бөлінеді. Бос уәде деген болмайды" - дейді қаржыгер.
Ислам банкінде пайыз бола ма сонда?
"Банк қаржы алатын тұлғаға да, өзіне де адал болуы үшін нақты қаржыны бекітеді, ол екіжақтан да өзгермейді. Азамат дәл сол бекітілген соманы банкке қайтарады. Егер тұтынушы бір немесе екі жылдың ішінде ақшаны бөліп төлесе, онда Ислам банкі үстінен өз табысын қосуға құқығы бар. Мұның себебі банк – көпшіліктің қаражатынан тұрады. Демек бұл банкке салынған депозиттің ақшасы деген сөз. Мұндай кезде үстінен алдын ала бекітілген табыс мөлшерін қосу адал болып саналады", - дейді Қылышбай.
Біздің елде неге бұл банк жүйесі дамымай отыр?
"Егер Ислам банкі пәтер сатып алатын тұлғаға үстінен аз мөлшерде табыс мөлшерін қосса, пәтер алатын екінші жаққа бұл тиімді болады. Яғни банкке қайтаратын ақшасы аз болар еді. Алайда ислам банкі де депозитке ақша салған адамдардың қаржысымен жұмыс істейді. Сол себепті егер де ислам банкі халыққа жылдық есеппен теңгемен 1-2 пайыз мөлшерінде ғана табыс төлейтін болса, ислам депозитіне ақша салған адам қанағаттанбайды. Керсінше жылдық есеппен депозитке 16 пайыз төлейтін ислами емес банкіге ақшасын алып кетеді. Сондықтан да Ислам банкі табыс мөлшерін нарыққа бейімдеп, өзіне де, салымшыларға да тиімді болғанын көздейді. Еліміздегі басты мәселе – базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Қазіргі басты мәселе – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 15,75 пайыз болуы. Егер Ислам банкі елімізге келіп, 1-2 пайызбен депозит ұсынамыз десе, оған ешкім келмейді. Сол себепті ислам банкі Қазақстанның жағдайына байланысты нарықтық ұсыныс жасауы керек. Демек, шетелдік ислам банкі елімізге келсе, ол исламдық депозиттегі табыс мөлшерін теңгемен кемінде 13-14 пайыз деңгейінде ұсынуға мәжбүр. Себебі, сондай мөлшер ғана көпшілікке қызық болады. Амал қанша?!", - дейді Ислам финансының магистрі.
Жасұлан Ордабаев
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz