Қарағанды облысы Нұра ауданы Құланөтпес ауылында тұрғындар арасында жайылымға қатысты дау шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл іргесіндегі 3 мың гектар шабындық Астанадан келген біреуге жалға беріледі екен. Халық жайылымға жете алмай жүргенде, тұрғындар бұл бассыздық екенін айтып отыр.
"Мал жаятын жайылым жер қалмады. Дәл ауылдың іргесіндегі сулы шабындықты Астанадан келген біреуге жергілікті иесі сатып жатыр. Ол жер берілсе, ауыл малын жаятын жер қалмайды. Сол жерден мал суаратын едік. Бұл - Сәрсекей деген жер, тағы Мөнек деген жерді де сатып жатқан көрінеді. Кезінде меншіктеп алғандар оны пайдаланып жатқан жоқ", - дейді Құланөтпес ауылының тұрғындары.
Құланөтпес округінде жалпы 144 017 гектар жер бар. Ауыл әкімі Ардақ Әбеновтің айтуынша, шабындық - 6 094 гектар. Жайылымдығы - 134 223 гектар. Ал осы Құланөтпес селолық округіне қарасты Құланөтпес, Ақтүбек, Нығыман елді мекендерінің жер аумағы - 39 828, 44 гектар шамасында. Елді мекенде 1029 ірі қара, 1700 қой, 1584 жылқы бар.
Ауыл тұрғындарының арызынан соң мәселе шешімін тапқан. Жер ешкімге де берілмейтін болды. Ауыл әкімі Ардақ Әбеновтің айтуынша, ел ішіндегі мәселе түсініспеушіліктен туындаған.
"Халық дұрыс түсінбеген. Әйтпесе жер ешкімге де берілмейді. Нұра ауданының жер қатынастары бөлімі бұл туралы хабардар. Бір шаруа қожалығының үш мың гектар жері бар еді. Сол жерді ел ішінде сырттағы бір адамға сатады деген сөз шыққаны рас. Ол дұрыс түсінбеушілік. Ауылдың қоғамдық кеңес мүшелерімен және ауыл тұрғындарымен сөйлестік. Үш мың гектар жердің иесі А.Алиев техникасы ескі болған соң басқа біреуге шөп шауып беруге өтініш айтқан. Оған біз келіскен жоқпыз. Мен ауыл әкімі ретінде өз техникасы жарамаса, ауыл тұрғындарының техникасын ұйымдастырып, шабуға көмектесеміз деп келістіргенбіз. Ауылда жылда солай ұйымдастырып келеміз. Жер ешкімге де берілмейді де, сатылмайды да", - дейді ауыл әкімі Ардақ Әбенов.
Ал ауылдың қоғамдық кеңес мүшелері шаруа қожалығы жерін иесі пайдалануы керек екенін, оны игермесе, ауылдық округке қайта тапсыруы қажет екенін айтып отыр.
"Бұл ұсыныс орынды деп білеміз. Шаруашылық ашқан соң мақсатты пайдалану керек. Белгілі бір себептермен дұрыс қолданбаса, мемлекетке, округке қайтарсын. Ауыл тұрғындарына шабындық қажет екені бәрімізге белгілі", - дейді кеңес мүшесі К.Шәйкенов.
Айта кетейік, Құланөтпес ауылы Қарағандыдан - 400, Астанадан 200 шақырым қашықта орналасқан. Ауылда 356 адам тұрады. Бұл ауыл - өткен ғасырдың 50-жылдары бой көтергенімен, 90-жылдардың жылымығында жүдеген көп ауылдың бірі.
Шапағат Әділет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!