Павлодарлықтарды түркиялық масалар шағып жүр
Ала жаздай Павлодар облысы тұрғындары мен қонақтарына маза бермей шағатын масалардың түркиялық қансорғыштар түріне жататыны белгілі болды. Бұл туралы ғалымдар әкімдікте өткен жиында атап өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғалымдардың пайымдауынша, 2000-шы жылдардың басында Павлодар облысында құстардың қанымен қоректенетін қансорғыш тобы көп болатын. Қазір олардың қатары сиреп барады, себебі құстар азайып кеткен. Олардың орнына енді сүтқоректілердің, соның ішінде адамның қанын ішетін басқа топ пайда болған.
"Бұл түрлер біздің кеңістікте болған жоқ, олар Түркия кеңістігінде болды. Яғни, оңтүстік жақтың түрлері біздің өңірлерге де бейімделе бастады. Бұл климаттың өзгеруі сияқты жаһандық өзгерістердің белгілері болып саналады", - дейді биология ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Қамбаров.
Айта кетейік, алдағы үш жылда Павлодар облысында қансорғыштармен күресуге облыстық бюджеттен 7,8 млрд теңге бөлінді. Биыл өңірде жалпы аумағы 127 мың гектар жерге әуеден дезинцекция жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 55 мың гектарға артық.
Е.Базарқұл
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан