Павлодарлықтан құны 22 млн теңге тұратын есірткі тәркіленді

Фото: Видео кадры

Павлодарда 29 жастағы тұрғын есірткі сатты деген күдікпен ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның жеке заттарын тексеру барысында тыйым салынған заттардың орналасқан жері туралы деректер бар ұялы телефон және мазмұны белгісіз 16 орама тәркіленді. Ал көлігінен екі полиэтилен пакет табылды.

Сараптама қорытындысы бойынша орамаларда жалпы құны 22 млн теңгеден асатын синтетикалық есірткілер, ал полиэтилен пакеттерде салмағы 1,5 келіден асатын синтетикалық каннабиноидтар болғаны анықталды. Бұл - 4000 дозаға тең.

Күдікті өз кінәсін мойындап, есірткі тарататын интернет дүкенде қаптамашы болып жұмыс істегенін және жеңіл табысқа қызыққанын айтты. Оның сөзінше, кураторлардан түскен тапсырмаларды орындап, есірткіні арнайы қоймалардан алып, жасырын орындарға тығып кетіп отырған.

"Бұл дерек бойынша есірткі немесе психотроп заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті қамауда", - дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілі. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget