Павлодарлық шенеунік шағын аудан салу үшін заң нормасын бұзған
Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болашақ ықшам ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасаған кезде заң бұзушылыққа жол берген. Атап айтқанда, экологиялық нормаларды сақтамаған. Тексеру жүргізген облыстық прокуратура, заңсыз егжей-тегжейлі жоcпарлау жобасының күшін жойды. Сондай-ақ, лауазымды тұлғаны орнынан алуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар қаласының солтүстік өндірістік аймағында "Жастар" ықшам ауданын салу мәселесі төрт жыл бұрын көтерілген. Екі жыл бұрын сәулет және қала құрылысы бөлімі шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасады. Әйтсе де, санитарлық талаптар қаперден тыс қалған.Жалпы құрылыс алаңы 186 гектар. Онда көп қабатты тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.
"Павлодарда "Жастар" шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы сәулет және жер заңнамасының нормаларына қайшы қабылданғаны анықталды. Жергілікті атқарушы орган өнеркәсіптік зауыттардан максималды қашықтықтығын есепке алмай, көппәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандар салуды жоспарлаған. Яғни, өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін жақын маңдағы тұрғын үй-азаматтық құрылыстардан оларға қолайсыз факторлардың әсерін болдырмау үшін бөлетін санитарлық-қорғау аймағы бұзылатын еді", - дейді Павлодар облыстық прокурорының көмекшісі Төребек Қалжан.
Прокуратура заңсыз егжей-тегжейлі жоcпарлау жобасының күшін жойып қана қоймай, Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысын орнынан алу жөнінде ұсыныс жолдады. Оны, мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп жөніндегі кеңесі шешетін болады.
Е.Базарқұл
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан