Павлодарлық шаруалар төтенше жағдай жариялауды сұрады

Павлодарлық шаруалар төтенше жағдай жариялауды сұрады
Фото: Фото:elements.envato.com

Павлодар облысының жер емген диқандары мен мал өргізген шаруалары өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Өйткені, аптап ыстықтан еккен егін күйіп кеткен. Малға азық қылатын шөп те қурап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ертіс, Успен, Тереңкөл және Железин аудандарында жарытып жаңбыр жаумағандықтан көктемде сепкен дән шықпай қалды. Диқандарға амалсыздан сарғайып кеткен егіс алқабын жыртып, топырақты аударып тастауға тура келген.

"400 гектар жерге қарақұмық салғанмын, ол кеуіп қалғаннан кейін жыртып тастауға тура келді. Әкімшілік біледі бұны. Міне, көріп отырсыздар. Арам шөп шығып қалды. Енді біз үкіметтен көмек сұрап отырмыз", дейді Успен ауданының диқаны Сейтенәлі Абзалов.

Төрт түлік өргізген жұрт та жырғап отырған жоқ. Құрғақшылықтың кесірінен қырда шөп шықпай қалды. Тоғайда да шабындықтар шалқып тұрған жоқ. Өйткені, биыл Ертіс өзені небәрі 32%-ға жайылғандықтан тоғайда шалғын жоқ.

"Дәл қазір біз малдың санын азайтып жатырмыз. Өйткені, жайылым да жоқ, шөп те жоқ. Тоғайда биыл су шыққан жоқ, мүлде шыққан жоқ біздің ауданымызда. Ауыл шаруашылығында жүрген азаматтар, шаруашылықтар осындай қиындықтар көріп жатыр", дейді Май ауданының фермері Гүлзира Қазылова.

Айта берсе аймақта осы секілді мысал көп. Сол себепті шаруалар төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Өйткені, лизингке алған техникалары төлейтін несиелері бар. Кейін банкрот болып қаламыз ба деп қауіптенеді. Сондықтан арнайы комиссия құруды сұрайды. Айта кетерлігі, көршілес Ресейдің Новосібір, Барнауыл және Алтай өлкесінің бірнеше ауданында құрғақшылыққа байланысты ТЖ жарияланған.

Е.Базарқұл      

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы