Павлодарлық жігіт өзінің диагнозын біле алмай өмірден өтті

Павлодарлық жігіт өзінің диагнозын біле алмай өмірден өтті
Фото: depositphotos.com

Бес жыл бойы іріңді жаралар мен ауырсынудан зардап шеккен Павлодар облысының 26 ​​жастағы тұрғыны Владимир Васильев өзінің нақты диагнозын біле алмай өмірден өтті. Жас жігіт ауруханаға кезекті рет жататын күнге жетпестен қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Успен ауылының тұрғындары жас жігіттің қайтыс болғанын хабарлады. Қайғылы хабарды Павлодардағы VITA іздеу тобының еріктілері де растады.

"Өздеріңізбен бірге көмектесіп жүрген адамдардың қазасы туралы хабарды есту өте өкінішті. Көмек сұрап, пиодермиядан тірідей іріп-шіріп кеткен 26 жастағы жігітке көмектесе алмаған медицинаның деңгейі де қорқытады", - деп жазды павлодарлық еріктілер парақшасында.

Соңғы күндері төсек тартып жатқан науқас жігітке әлеуметтік қызметкер мен ағасы бірге қараған.

"Алдыңғы жұмада ол қатты ауырды. Алайда қатты ауырсынудың салдарынан оны тасымалдау мүмкін болмады, оның өзі де бұған шыдай алмаймын деп қорықты. Ауырсынуды басатын дәрілер де оған көмектеспеді. 20 қаңтарда ол ауруханаға жатқызылуы керек еді, бірақ, өкінішке қарай, Владимир қайтыс болды", - деді әлеуметтік қызметкер Наталья Галенко. 

Еске салайық, былтыр қараша айында Владимир Васильев еріктілерден көмек сұраған. Бір тәулік ішінде қазақстандықтар жігітке 1,3 миллион теңге жинап берді. Ол несиелерін жауып, ал қалған ақшаны өзін аяққа тұрғыза алатын дәрігерлерге төлемек болған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лес
Logotype Massaget