Павлодарлық асаба Малаховтың шоуында ресейліктерді жылатты

Павлодарлық асаба Малаховтың шоуында ресейліктерді жылатты

Павлодарлық асаба Ерболат Байдәуіров ресейліктерді жылатты. Ол жақында "Россия 1" телеарнасындағы Андрей Малаховтың "Песни от всей души" шоу бағдарламасына қатысқан. Massaget.kz тілшісі Ерболат Байдәуіровпен сұхбаттасып, қалай шоуға қатысу мүмкіндігін алғанын сұрады.

42 жастағы Ерболат Байдәуіров Павлодар облысы Май ауданы Ақжар ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол - 11 ағайынды. Ерболат үшемнің бірі болып дүниеге келген. Оның Нұрболат, Шынболат атты сыңарлары бар. 11 жасынан бастап ән айта бастаған ол Юрий Шатуновқа қатты еліктеген. Қазір жеке шығармашылықпен айналысып асабалық қызмет атқаратын Ерболаттың әйелі мен үш баласы бар.

Ерболаттың дауысы ресейлік танымал әнші Юрий Шатуновтың дауысына қатты ұқсайды. Осылайша, Андрей Малахов оның әлеуметтік желіде ән орындап жүргенін көріп, бағдарламасына шақырған.

"Маған Мәскеуден бір қыз телефон соқты. "Сәлеметсіз бе? Менің атым - Екатерина. Андрей Малаховтың бағдарламасынан хабарласып тұрмын, сіз Ерболатсыз ба?" деді. "Иә" дедім. "Сіздің Шатуновтың әндерін орындап жүргеніңізді көрдік, бізге қатты ұнап қалды. Біз сізді "Песни от всей души" бағдарламасына қатысуға студияға шақырсақ қарсы емессіз бе?" деді. Мен келісімімді бердім", - дейді Ерболат Байдәуіров.

Ерболаттың сөзінше, жол шығыны мен жатар орнын шақырушы тарап өздері төлеген. Ерболат бағдарламаға қатыспас бұрын алдымен әнші Юрий Шатуновтың зиратына барып гүл шоқтарын қойған.

Ерболат студияда "Вечер холодной зимы" әнін орындаған. Оның әніне бағдарламаға қатысқан қонақтардың барлығы билеп, залдағы көрермендер жылапты. Тіпті Андрей Малаховтың көңілі түсіп, көзіне жас алған.

Ерболат Байдәуіров көктемде Мәскеуде өтетін "Ласковый май" тобының әншісі болған Юрий Шатуновты еске алуға арналған ән кешіне шақырылған.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz