Павлодарға жаңа әкім тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа әкімді қала активіне Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов таныстырды. Әкім болып Хасар Хабылбеков тағайындалды. Ол бүгінге дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Хасар Хабылбековтың жоғары екі білімі бар, 2006 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын құқықтану бакалавры мамандығы бойынша, 2014 жылы Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін "Көлік құрылысы" мамандығы бойынша тәмамдады. Оның техника және технология магистрі дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2008 жылы мемлекеттік емес құрылымдарда бастаған.
2012-2016 жылдар аралығында Павлодар облысының атқарушы органдарында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманынан Павлодар бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау бөлімінің өндірістік бөлімінің бастығына дейін әртүрлі қызметтерді атқарды.
2017-2020 жылдары – облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Тереңкөл ауданы мен Шарбақты ауданы, Екібастұз және Павлодар қалалары әкімінің орынбасары болды. 2021 жылы Ақсу әкімінің аппаратын басқарды.
2021 жылғы маусымнан 2021 жылғы тамызға дейін Павлодар облысының құрылыс басқармасын басқарды. 2022 жылғы желтоқсанда облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Биылғы сәуір айында Павлодар облысының әкімі Хасар Хабылбековке Екібастұзды жылумен қамту бойынша жөндеу жұмыстарын қадағалауды тапсырып, ол үшін тіпті біраз уақытқа сол жаққа көшуді де ұсынды.
Еске салайық, жуырда Павлодар әкімі Ержан Иманзайыпов қызметінен босатылған еді.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар активімен кездесу өткізіп, оның қорытындысы бойынша қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және ескерту бойынша жұмыстардың тиісінше ұйымдастырылмауына, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуына қажет бақылау болмауына, қала әкімдігінің Павлодар қаласының тұрғындарымен коммуникациясының әлсіреуіне байланысты Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзаиповты лауазымынан босату туралы қабылданған шешімді мәлімдеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз