Бүгін түнде Қазақстан мен Ресей шекарасына жақын аумақта жер сілкінісі тіркелді. Оның эпицентрі Павлодар қаласынан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстанның ұлттық деректер орталығына сілтеме жасап.
Орталық мәліметінше, жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 02:09-да болған. Жер асты дүмпуінің магнитудасы 4,9, энергетикалық класы 10,9 болған.
Мұндай магнитудадағы жер сілкінісі эпицентрге жақын аумақта анық сезілуі мүмкін. Терезелер дірілдеп, үйдегі заттар теңселуі ықтимал. Алайда айтарлықтай қираулар мұндай жағдайда сирек кездеседі.
Бұған дейін Жамбыл облысында бір апта ішінде үш жер сілкінісі тіркелген еді. Олардың ең қуаттысының магнитудасы 4,5 болған. Жер асты дүмпулері шамамен 2–4 балл деңгейінде сезілген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз