Павлодардағы алюминий зауытында екі адам өндірістік жарақат алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өндірістік нысанда болған оқиға туралы ақпаратты павлодарлық kerek.pv Telegram-арнасы жариялады.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді.
"16 мамырда сағат 23:10-да Павлодар алюминий зауытында №3 пештің кептіру аймағын тазалау жұмыстары кезінде материал қағының бір бөлігі ажырап, құлап кеткен. Жұмыс барысында бұл аймақта диірмен машинисі мен күйдіру цехының агломератшысы болған", - деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі өкілдері.
Зардап шеккен жұмысшыларға жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер диірмен машинисінің оң жақ сирағы сынғанын анықтап, оны ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Кәсіпорын мәліметінше, екінші жұмысшы оң жақ сирағын соғып алған, сынық жоқ және еңбекке қабілетін жоғалтпаған. Медициналық тексеруден кейін ол амбулаторлық емделуге жіберілді.
Сонымен қатар, кәсіпорынның баспасөз қызметі зауытта ешқандай апат болмағанына айтты.
"Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның қызметкерлері Павлодар алюминий зауытының алаңына барды. Тексеру қорытындысы бойынша қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталған жоқ", - деп мәлімдеді кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті оқиғаның мән-жайы қазір анықталып жатқанын хабарлады. Жұмысшылардың жарақат алу дерегі бойынша қабылданған шешім туралы кейінірек хабарлауға уәде берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!