Павлодардағы фитнес клубта қыз тірідей жанып кете жаздаған

Павлодардағы фитнес клубта қыз тірідей жанып кете жаздаған
Фото: Видео кадры

Павлодардағы фитнес клубтардың бірінде қыздың сөмкесіндегі портативті аккумулятор жарылып кетті. Оқиға салдарынан қыздың бетін, қолын және денесін қатты күйік шалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар тұрғыны Диляра 14 маусымда фитнес залға келген. Жаттығуын аяқтаған соң жиенін алып, түскі ас ішуге аттанған.

"Жолда штативимді ұмытып кеткенім есіме түсті. Басында қайтқым келмей, ертең алармын деп ойладым, бірақ жиенім "қазір барып алайық" деп қоймады", - дейді ол.

Тосын оқиға қыз ішке кіру үшін аяқ киімін ауыстырып жатқанда, ресепшнде болған.

"Телефонымды диванға қойып, тәпішкемді кие бастағаным сол еді, кенет бірдеңе тарс-тұрс ете қалды. Не болып жатқанын түсінбедім. Сол сәтте өз сөмкем өртеніп жатқанын аңғардым", - деді қыз.

Сөмке қыздың иығында асулы тұрған. Жалын тез өршіп бара жатқанын көрген Диляра оны үстінен жұлып алуға тырысқан. Жанып жатқан затты жерге лақтырып жіберіп, өзі шетке қашқан. Фитнес клуб қызметкерлері көмекке ұмтылған.

Кейін фитнес зал әкімшілігі жедел жәрдем шақырған. Диляраның айтуынша, ол алғашында жарақаты қаншалық ауыр екенін сезбей, ауруханаға барудан бас тартпақ болған.

Дәрігерлер қызды күйік орталығына жеткізген, алайда ол кейін емді ата-анасының қарауында, үйде жалғастыруды жөн көрген.

Тілсіз жау қыздың денесіне де жайылып үлгерген. Диляраның айтуынша, шашы күйген; қасы мен кірпігіне зақым келген; сөмке асулы тұрған жағы қатты күйген; қолтық асты, екі алақаны мен оң жақ білегі күйіп қалған; іш тұсы зақымданған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget