- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодардағы "Ертіс орманы"...
Павлодардағы "Ертіс орманы" резерваты өртке дайын ба?
Абай облысының "Семей орманы" табиғи резерватында болып жатқан алапат өрт павлодарлық шенділерді де селт еткізді. Өйткені, "Ертіс орманы" резерваты аумағы жағынан елімізде екінші орында тұр. Сол үшін билік басындағылар орманды алқапты өрттен қорғауға қаншалықты дайын екендіктерін пысықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ертіс орманы" резерваттың жалпы аумағы 277,9 мың гектар. («Семей орманы» резерваты өртке дейін 665 мың гектар болатын.) Белгілі болғандай, өртке қарсы техникамен жарақтандыру 62%, ал өртке қарсы нысандармен жабдықталу 31% ғана екен. Осы жылы облыстық бюджеттен үш өрт сөндіру автоцистернасын, 11 ағаш отырғызу көлігін және алты соқаны сатып алу үшін 355,2 млн теңге бөлінген. Әйтсе де, осы күнге дейін толық жабдықталған бір ғана өрт сөндіру көлігі жеткізілген. Қалған екеуі әлі жоқ.
"Табиғи өрттердің себептерін талдау нәтижелері көрсеткендей, тұтану себептерінің 50%-дан астамы адамдардың жауапсыздықтары салдарынан туындайды. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары туралы халықпен кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, өрт туындаған кезде барлық жауапты органдардың іс-қимыл алгоритмін қайта қарау керек", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
"Ертіс орманы" табиғи резерватында cоңғы үш жылда тілсіз жаудан үш мың гектардай аумақтағы қылқан жапырақты қарағайлар отқа оранды. Биылдың өзінде алты рет өрт болып, 40 гектардай орманды жалын шарпыды.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы