- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодардағы екі құс...
Павлодардағы екі құс фабрикасына инвестор таппай жатыр
Павлодардағы екі құс фабрикасына инвестор таппай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы "Қызылжар-Құс" және "Шарбақты-Құс" фабрикаларының жағдайы мүшкіл. Өңірді айтпағанда көрші облыстарды тауық етімен қамтамасыз етіп келген "Қызылжар-Құс" ЖШС жабылып қалғанына жыл асып барады.
Былтыр 151 еңбеккерін жұмыстан босатып өндірісі тоқтады. Фабрика құрылтайшылары "бір жылға уақытша жабылды. Модернизациядан кейін қайта ашамыз" деген еді. Фабриканы толықтай қайта жабдықтау үшін 1 миллиардтан артық ашқа керек екені де айтылған.
Арада бір жыл уақыт өтті, қайта іске қосылған кәсіпорын жоқ. Салдарынан облыста тауық етіне деген тапшылық туындады. Қазір көрші облыстан жеткізіліп жатқан өнім өңір халқының 22,3 пайызын ғана қамтамасыз етуге жетеді. Көп қылып әкелуге етті сақтайтын орын тағы жоқ. Бұған дейін "Қызылжар-Құстың" қоймасында сақтайтын.
Бір қожайынға тиесілі екінші фабриканың да алға басқан аяғы кері кетіп барады. "Шарбақты-Құс ЖШС тек жұмыртқа шығарумен айналысатын. Олардың да өндіріс көлемі кеміді. Мәселен, былтыр қаңтарда 4,6 миллион дана жұмыртқа шығарған болса, биылғы бір айда 2,8 миллион тауық тұқымын өндірді. Құстың басы тек бір жылдың ішінде 150 мыңнан асаға кеміген. Қазір фабрикада 224 255 бас тауық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 376 722 болатын. Жем және оған қосатын қоспалардың қымбаттауын сылтау еткен кәсіпорын құрылтайшысы бизнесінен бас тартып баз кешіп жатыр. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың мәліметінше, екі бірдей құс фабрикасына иелік ететін кәсіпкер өндірісті сатпақ көрінеді.
"Облыс әкімдігінің фабрикаларды өзіне сатып алатындай қаражаттары жоқ. Сондықтан инвестор іздеп жатыр. Көршілес Ресейден және Өзбекстан елінен алушылар бар. Бізге Өзбекстандық инвестордың ұсынысы ұнап тұр. Құрылтайшының өкілімен кездестірдік. Ары қарай қалай шешілетінін олар айтар", - дейді Серік Батырғожинов.
Айта кетейік, құс етін шығарып келген "Қызылжар-Құс" ЖШС-не 2021 жылы 140 миллион теңге субсидия берілген. Екі бірдей құс фабрикасының мүшкіл қалі жергілікті экономикаға да кері әсерін тигізіп тұр. Шарбақты ауданының экономикалық индексі облыста ең соңғы орында. Тез арада инвестор тауып жағдайды түземесе кезінде аты елге әйгілі болған кәсіпорындар банкрот болуы бек мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz