Павлодар облысының Полиция департаменті былтыр қарашада Павлодардағы банктен аса ірі көлемде ұрлық жасады деген күдікке ілінгендер Ресей аумағында ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полиция мәліметінше, ұсталғандардың барлығы - Ресей азаматтары, оларға Қазақстан сотының шешімімен қамауға алу санкциясы берілген.
"Қазақстан ІІМ мен ресейлік әріптестер бірлесіп, халықаралық келісімдер аясында жедел тергеу тобын құрды. Қазір тергеу жалғасып жатыр, нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады", – деп мәлімдеді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодардағы банкті тонауға қатысы бар Ресейдің бес азаматына іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады.
Еске салайық, 2024 жылы қарашада Павлодардағы банк бөлімшесінде ұрлық жасалды. Шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асқан, ұрылар алтын бұйымдар мен ірі көлемдегі ақшаны алып кеткен.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!